Діни басқарманың өшірілген мәлімдемесі даудың қоздауына себеп болды

160
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/AycBjhC4Fr9KnsdMDcHYf5eW0LJsOAt89P3pXMgH.webp

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқушы қыздарға орамал тағуға мүмкіндік беретін жекеменшік мектептерге қатысты қатаң шаралар қолдануға қарсы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

ҚМДБ соңғы күндері қоғамда мектеп оқушыларының орамал тағу мәселесі қайтадан қызу талқыланып жатқанын атап өтті. Бұған Оқу-ағарту министрінің мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтау туралы мәлімдемесіне қатысты БАҚ-та тараған ақпарат себеп болған. Атап айтқанда, мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзған, соның ішінде оқушы қыздарға орамал тағуға рұқсат берген жекеменшік білім беру ұйымдары лицензиясынан айырылуы мүмкін екені айтылған.

«Ислам шариғаты бойынша балиғат жасына жеткен мұсылман қызға орамал тағу – парыз. Бұл мәселедегі діни үкім өзгермейді. ҚМДБ бұған дейін де осы ұстанымды бірнеше рет ашық білдіріп, мектеп жасындағы қыздардың білім алуына кедергі келтірмей, діни міндетін орындауына мүмкіндік беретін оңтайлы шешім қабылдау жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстарын жеткізген. Атап айтқанда, мектеп формасының жалпы үлгісі мен түсіне үйлесетін орамалға рұқсат беру ұсынылған», – делінген хабарламада.

Басқарма зайырлы мемлекет ұғымы дінді жоққа шығару немесе азаматтардың діни сенімдерін шектеу дегенді білдірмейтінін де атап өтті.

ҚМДБ пікірінше, қоғамда көп жылдан бері талқыланып келе жатқан бұл мәселені тек тыйым салу және әкімшілік шаралар арқылы шешу мүмкін емес. Керісінше, мұндай қадамдар қоғамдық түсініспеушілікті күшейтуі ықтимал. Осыған байланысты басқарма Оқу-ағарту министрлігі мен өзге де уәкілетті мемлекеттік органдарға мектеп формасының талаптарын сақтай отырып, кәмелетке толған мұсылман қыздардың орамал тағуына мүмкіндік беретін нақты құқықтық тетік әзірлеуді ұсынды.

Алайда кейіннен ҚМДБ-ның бұл мәлімдемесі өшірілді. Бірақ бұл әлеуметтік желідегі хиджаб дауын одан сайын қыздыра түсті. Дауласқандар хиджабтан асып, басқа да діни үкімдерді талқыға ұсынып жатыр. Бірі қолдап, бірі қарсы болып, бір-біріне балағат айтып, қарғыс арнап жатқандар да кездеседі. 

评论