Максим Рожин Қазақстан–Корея серіктестігінің стратегиялық маңызын айтты

190
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/YMhjnAuNQjCxhqt0jkZO4YVk22bTD9BHscv9OCMM.jpg

Құрылтай депутаты Максим Рожин Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Оның айтуынша, Сеулде өткен алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммиті Қазақстанның Кореямен қарым-қатынасты дәстүрлі сауда-инвестициялық байланыстар деңгейінен технологиялық және өнеркәсіптік кооперацияның жаңа сатысына көтеруге ұмтылысын көрсеткен.

«Құрылтайдағы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде жұмыс істейтін депутат ретінде еліміздің халықаралық аренадағы әрбір маңызды қадамына ерекше назар аударамын. Бұл менің тікелей жұмыс бағытым ғана емес, еліміздің сыртқы саясатының қалай қалыптасып, қандай басымдықтарға бет алып бара жатқанын түсінуге мүмкіндік беретін маңызды көрсеткіш.

Әсіресе Мемлекет басшысының халықаралық кездесулердегі сөздеріне мән беремін. Президенттің әрбір мәлімдемесінен Қазақстанның кіммен әріптестік орнатуға мүдделі екенін ғана емес, қандай әріптестік біз үшін маңызды екенін аңғаруға болады. Сеулде өткен алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитінде осы тұрғыдан алғанда маңызды сигналдар берілді»,–деп жазды ол.

Максим Рожин өндіріс пен технология, аса маңызды минералдар, жасанды интеллект, көлік-логистика, энергетика, су қауіпсіздігі және адами капитал салаларындағы әріптестіктің маңызына тоқталды. Оның пікірінше, Қазақстан табиғи ресурстарды экспорттаумен шектелмей, технологиялық кооперация мен жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге басымдық беруі тиіс.

Сондай-ақ депутат сирек және сирек кездесетін металдарды зерттеу бағытындағы қазақ-корей жобалары, жасанды интеллект саласындағы өңірлік бағдарламалар және көлік-логистикалық дәліздерді дамыту бастамаларының стратегиялық маңызын атап өтті.

«Халықаралық келісімдердің нақты құндылығы олардың мәтінінде емес, азаматтарға, экономикаға және мемлекеттің технологиялық әлеуетіне беретін нәтижесінде», – деді Максим Рожин.

Оның айтуынша, алдағы кезеңде Қазақстан үшін тартылған инвестиция көлемі, іске қосылған өндірістер саны, локализацияланған технологиялар, даярланған мамандар және ел ішінде қалып отырған қосылған құн негізгі көрсеткіштерге айналуы тиіс.

Депутаттың пікірінше, алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммиті саяси диалогтың жалғасы ғана емес, Қазақстанның ресурстық, географиялық және адами әлеуетін Кореяның технологиялық мүмкіндіктерімен ұштастыруға бағытталған маңызды қадам болған.

 

评论