«Жоғалған темір тұлпар мен естелік». Жас велосаяхатшының әңгімесі

130
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/AMSMPjH3lp9KkfrXHAp8ekSTDui6dnGHjPTC9lXa.png

Бүрлен Әділетқызы – Шыңжаң өлкесі, Дөрбілжін ауданының тумасы. 2003 жылы дүниеге келген жас саяхатшы биыл Қазақстанды 76 күн бойы қос дөңгелекті тұлпарымен аралаған.

Бүрленнің айтуынша, Қазақстанға велосипедпен саяхаттауды ол қаңтар айынан бастап жоспарлаған. Сәуірде жолға шыққан ол елді аралап, атамекенмен тереңірек танысыпты. Сапар барысында жолдың қиындығымен қатар, қазақ тіліндегі кейбір сөздерді түсінудегі қиындықтарға да тап болған.

"Адырна" тілшісі жас саяхатшымен сапары, жолдағы қиындықтар, қазақ тіліндегі қызықты оқиғалар және велосипедінің жоғалуына қатысты жағдай туралы сұхбаттасты.

Сізді 2024 жылдың тамызында Қытайдан Қазақстанға велосипедпен келген қазақ қызы ретінде білеміз. Осы сапарда қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

– Қазақстанға 26 күнде келдім. Бұл сапарда қиындықтар болды. Негізінде, түсініспеушіліктер көп кездесті. Өйткені ол кезде мен 20 жастамын және тұңғыш рет шетелге шығып жатырмын. Оның үстіне, алғаш рет осындай велосипед саяхатын бастап жатқан соң, көп адам оған түсінбей қарады.

Қытай жағынан өтіп, велосипедімді алып, «Қорғас» шекарасынан Жаркентке келдім. Жаркентке келе салысымен, жаңадан өтіп жатқан соң, қазақша сөйлейтін ауылға барған кезде қазақшамның сәл жетіспейтінін байқадым. Өйткені 20 жылдан бері қытай тілінде сөйлеп үйрендім. Қазақстанға келгенде кейбір сөздерді білмей қалған кездерім болды.

Мысалы, «дәретхана» мен «дәріхана» деген сөздер өте ұқсас қой. Бір жолы дүкенге кіріп қарасам, дәрі сатып жатыр екен. «Сол дәріхана ма?» деп сұрайын деп, «дәретхана ма?» деп айтып, өзім күліп жіберген кездерім болған.

– Ал Қазақстанды аралау ұнады ма? Ел ішіндегі саяхат қалай өтті?

– Қазақстанды велосипедпен аралап шығуды осы жылдың қаңтар айынан бастап ойластырдым. Сәуір айында жолға шықтым. «Жібек жолын басып өтейін» деген ой болды.
Велосипедпен жүру мен үшін өте тиімді болды. Кейбір жерлердің арасы жақын болғандықтан, көлікпен жүргеннен гөрі велосипедпен айналып шығуға ыңғайлы болды.

- Шамамен ел аралауға қанша теңге кетті?

- Есептейтін болсақ, осы сапарға шамамен 1,5 миллион теңге кеткен шығар. Негізі, мен саяхатымды Батыстан бастадым. Барлық өңірде жүрген кезде бірінші күннен бастап бір нәрсеге қатты таңғалдым. Мені танымаса да, жолда тоқтап: «Көмек керек пе?» – деп сұрайтын адамдар өте көп болды.

Сол кезден бастап қазақтың қонақжайлығын шынымен сезіне бастадым. Тас жолда күн сайын қиындықтар болды. Өйткені жел соқты, күн бар. Оның үстіне, жолдағы көліктер өте тез жүреді. Олар өтіп бара жатқан кезде мені де өзіне тартып, былайша сорып алып кететіндей әсер болады.
Жел қатты соққан кезде мені жол шетіне қарай шығарып жіберетін. Неше рет желден құлаған кездерім де болды. Бірақ Қазақстан маған ұнады. Сарайшық, Жымпиты ұнады, музейі бар екен.

Алашордасының, зиялыларының тұрған үйлерін көрдім. Бәрі ұнады. Ерекше әсер қалдырды.

Велосипедпен ел аралауыңызға ата-анаңыз қарсы болмады ма?

– Әке-шешем әрдайым менің шешімдерімді қолдап отырады. Мен оларға ең бастысы қауіпсіздікке мән беретінімді, өзіме сенімді екенімді және бұл жұмысты еңсеріп шығатыныма сенетінімді көрсетсем, олар мені қолдайды. Қазіргі таңда менімен мақтанады.

Сапарыңызды аяқтап, Астанаға оралдыңыз. Бірнеше апта бұрын велосипедіңізге қатысты қиын жағдай болғанын да айттыңыз. Ел аралаған темір тұлпарыңыз «ұрланды» деген ақпарат та тарады. Рас па?

– Негізі, мен «ұрланды» деп айтпадым, «жоғалды» деп айттым. Бұл оқиға шілде айының соңында болды.Мен Қытай еліне қарай баруым керек болды.

Веплосипедті құрбыма «қарай тұршы» деп қалдырып кеттім. Мен Қытайға жеткен соң, шамамен жарты айдан соң, мен велосипедті қалдырған отбасынан қоңырау келді. Құрбымның ағасы: «Велосипедің қай орында тұрған еді?» деп сұрады. Мен сол кезде таңқалдым. Велосипедімді қай жерге қалдырғанымды айттым. Бір аптадан соң кері хабарластым. «Велосипедім бар ма, жоқ па?» деп сұрадым.

«Қазір жоқ екен, мүмкін, күзеттегілер білетін шығар» деп жауап берді. Мен ол кезде эмоцияға беріліп, сөзге кеп қалдық. «Оны мен аманат деп, сенім артып, тастадым ғой. Неге жағдай болды?» деген сөздер айтылды. Кейін біз хабарсыз кеттік. Бір ай өтті. Велосипед туралы ештеңе білмедім. Сосын мен инстаграмыма салдым. 

«Велосипедім жоғалды» деп салғанмын. Бәлкім, бұл бәрі үшін маңызды жағдай болмаса да, мен үшін велосипед ел ішіне мені апарған құрал. Сол велосипед арқасында барлық жерге табанымды тіредім. Мен үшін өте ыстық болды. Инстаграмыма сол кездегі жағдайымды айттым, бөлістім.

Полиция қызметкерлері сол кезде маған көмектесіп, бір тәулікке жетпей, маған велосипедімді тауып берді.

- Қазір велосипед сіздің қолыңызда ғой?

- Иә.

- Өте керемет! Сұхбат үшін көп рақмет!

Сымбат Наухан
«Адырна» ұлттық порталы

评论