Трамп Зеленскийден Ресейдің мұнай зауыттарына соққы жасамауын талап етті – БАҚ

117
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/NZ4gzkkg7Ns7fbFntrZz8q3FvPPQjCud9PuXpzMU.jpg

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесу кезінде Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасалып жатқан украиналық соққыларды тоқтатуға шақырған. Бұл туралы Financial Times және Axios басылымдары өз дереккөздеріне сүйеніп хабарлады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ВВС-ге сілтеп.

АҚШ пен Украина билігі бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.

Трамп пен Зеленский 20 қыркүйекте телефон арқылы сөйлескен. Украина президентінің айтуынша, тараптар Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында жеке кездесуге келіскен.

Financial Times және Axios дереккөздерінің мәліметінше, телефон әңгімесінде Трамп Ресейдегі дизель отынын өндіретін мұнай өңдеу зауыттарына жасалып жатқан шабуылдарға бірнеше рет тоқталған.

FT басылымына сұхбат берген жоғары лауазымды украиналық шенеуніктің айтуынша, АҚШ президентінің негізгі назарында дизель отыны болған. Оның сөзінше, Трамп Украина әскери күштеріне Ресейдегі мұнай нысандарына дрондар мен зымырандар арқылы жасалатын шабуылдарды тоқтатуға бұйрық беруге шақырған.

13 қыркүйекте Трамп әлемдегі дизель отыны бағасының өсуіне Ресей-Украина соғысы әсер етіп отырғанын айтқан. Ол Зеленскийді Ресейдің дизель өндірушілеріне жасалған шабуылдарды тоқтатуға шақырды.

Кейін Трамп өзінің Truth Social желісінде Ресей мен Украина энергетикалық инфрақұрылымға өзара шабуыл жасауды тоқтатуға келіскенін жазды. Алайда бұл ақпаратты Мәскеу де, Киев те ресми түрде растаған жоқ.

Өткен жексенбіде Украина әскері Мәскеудің Капотня ауданындағы мұнай өңдеу зауытына соққы жасаған. Ресей билігі бұл шабуылды Мәскеуге соғыс басталғалы жасалған ең ауқымды шабуылдардың бірі деп атады.

Дүйсенбі күні Трамп Украинадағы соғысқа байланысты Ресейдің дизель өнеркәсібіндегі жағдайға тағы да тоқталды. Ол Ресейдегі бірқатар дизель өндіретін кәсіпорындардың шабуылдардан кейін уақытша жұмыс істемей тұрғанын жазды.

Трамптың айтуынша, Ресей-Украина соғысы әлемдік нарыққа да әсер етіп отыр.

Дизель бағасының өсуіне не әсер етті?

Ресей тамыз айының соңында дизель отынын экспорттауға қойылған шектеуді 30 қыркүйекке дейін ұзартты. Бұл тыйым алғаш рет 8 шілдеде енгізілген болатын. Оның себептерінің бірі ретінде Ресейдегі жанармай тапшылығы аталды.

Экономикалық сарапшылар дизель отыны мен мұнай бағасының өсуіне бірнеше фактор әсер етіп отырғанын айтады. Олардың бірі – Ресей мұнай өңдеу инфрақұрылымына жасалған украиналық шабуылдар.

Сонымен қатар Парсы шығанағындағы мұнай жеткізіліміне қатысты қиындықтар да әлемдік нарыққа ықпал етті. Бұған АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери әрекеттері және Ормуз бұғазындағы жағдай себеп болғаны айтылды.

Әлемде тәулігіне шамамен 30 миллион баррель дизель отыны тұтынылады. Бұған дейін оның 7–8 миллион баррелі теңіз арқылы импортталған. Импорттың шамамен 20%-ы Таяу Шығысқа, ал 10%-ға жуығы Ресейге тиесілі болған.

FT басылымына сұхбат берген украиналық шенеуніктердің бірі Трамптың Ресейге қарсы жаңадан қабылданған санкцияларды қолдану мәселесінде асықпай отырған болуы мүмкін екенін айтты.

Оның пікірінше, Вашингтон санкцияларды Украинаға қысым жасап, Ресей аумағындағы мұнай нысандарына жасалатын шабуылдарды тоқтатуға ықпал ету үшін пайдалануы ықтимал.

Сонымен бірге шенеунік АҚШ санкцияларды Мәскеуге қысым көрсету құралы ретінде де қолдануы мүмкін екенін жоққа шығармаған.

评论
其他材料