Президент Тоқаев Қытаймен сауданы $100 млрд-қа жеткізуді жоспарлап отыр

153
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/JL2JiCftdYgwk1fJc3Zb7q7eGplTB1jVepq1t5Ug.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгі және жан-жақты стратегиялық серіктестік берік тарихи негізге сүйенетінін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел арасындағы қарым-қатынас өзара сенім мен тату көршілік қағидаттары негізінде жаңа қарқынмен дамып келеді. Бұл туралы Ақорда жариялады, деп хабарлайды "Адырна".

Ел басшысы бұл туралы 25 қыркүйекте Алматыда өткен «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумында айтты.

Президент қазақ-қытай байланыстарының сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенін айтты. Оның сөзінше, бұған Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің тікелей қолдауы маңызды ықпал етіп отыр.

«Біз мәңгілік дос әрі сенімді серіктес ретінде ынтымақтастығымыздың жаңа “алтын 30 жылдық” кезеңіне қадам басып жатырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қытайдың Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі екенін атап өтті. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетіп, 50 миллиард долларға жуықтаған. Қазір екі елдің үкіметтері бұл көлемді 100 миллиард долларға дейін арттыру бағытында жұмыс істеп жатыр.

Инвестициялық ынтымақтастық та тұрақты түрде дамып келеді. Қытайдың Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 29 миллиард доллардан асқан. Осылайша, Қытай еліміздің ірі инвесторларының біріне айналды. Қазіргі уақытта Қазақстанда Қытайдың қатысуымен 9 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр.

Тоқаевтың айтуынша, екі ел арасындағы серіктестік өнеркәсіп, цифрландыру, «ақылды қалалар», спутниктік технологиялар, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру салаларын да қамтиды.

Президент Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің ратификациялануы екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамытуға қажетті құқықтық негіз қалыптастырғанын атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимнің іскерлік байланыстардың кеңеюіне оң әсер етіп отырғанын айтты.

«Қазіргі кезде Қазақстанда қомақты инвестиция тартып, ірі жобаларды іске асыруға барынша оңтайлы жағдай жасалған деп сеніммен айтуға болады», – деді Президент.

Оның айтуынша, биыл 1 шілдеде күшіне енген Конституцияның негізгі ережелері елдің инвестициялық әлеуетін нығайтуға құқықтық негіз қалыптастырды.

Форум басталар алдында жиынға қатысушылар Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

评论