Қазақстан құрамасы Азия ойындарының жетінші күнінде бес қола медаль иеленді

614
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/nvlyNg3Il7QGk8qIl9yheer9mrhpQdLGgK8ifCF1.jpg

Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында жетінші жарыс күні аяқталды. 26 қыркүйектегі жарыстардың қорытындысы бойынша Қазақстан спортшылары бес қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды "Адырна".

Осылайша, жеті жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 35 жүлде бар. Оның 8-і алтын, 8-і күміс және 19-ы қола медаль. Қазақстан жалпыкомандалық есепте бесінші орында келеді.

Күннің негізгі жүлделерінің үшеуі ескек есу және каноэде есу бағдарламасынан түсті.

500 метрге байдаркамен жарысудан әйелдер арасындағы финалда Стелла Суханова мәреге үшінші болып жетті. Ол қашықтықты 1 минут 59,688 секундта аяқтады. Бұл – спортшының осы Азия ойындарындағы екінші қола медалі. Бұған дейін Суханова байдаркадағы төрттік құрамында да үшінші орын алған еді.

Осы қашықтықтағы ерлер арасындағы бәсекеде Дмитрий Холмогоров қола жүлдеге ие болды. Қазақстандық спортшының нәтижесі – 1 минут 44,453 секунд. Алтынды Өзбекстан өкілі Шахриер Махкамов, күмісті Оңтүстік Корея спортшысы Джан Сан Вон алды.

Аралас каноэ экипаждарының 500 метрлік жарысында Сергей Емельянов пен Руфина Искакова Қазақстан қоржынына тағы бір қола медаль қосты. Олар финалды 1:51.124 нәтижесімен үшінші болып аяқтады. Бұл сайыста Қытай алтын, ал Өзбекстан күміс медаль жеңіп алды.

Оқ атудан Қазақстан әйелдер құрамасы да жүлдеге қол жеткізді. 50 метр қашықтықтан винтовкамен үш позицияда ату бойынша командалық жарыста Арина Малиновская, София Шульженко және Елизавета Безрукова 1754 ұпай жинап, үшінші орын алды. Алтын Қытай құрамасына, күміс Үндістан командасына бұйырды. Сонымен қатар Арина Малиновская жеке сайыста финалға өтіп, алтыншы орынға тұрақтады.

Қазақстанның бесінші қола жүлдесін семсерлесушілер иеленді. Ерлер командалық сайысында Назарбай Саттархан, Артем Саркисян, Қуаныш Ергашбай және Нұрмұхаммед Жайлыбай ширек финалда Қытай құрамасын 45:40 есебімен жеңді. Жартылай финалда олар Жапонияға 34:45 есебімен есе жіберіп, жарысты қола медальмен аяқтады. Артем Саркисян үшін бұл – Азия ойындарындағы екінші жүлде. Ол бұған дейін жеке сайыста да қола медаль алған болатын.

Қазақстандық Ольга Шмелева мен Артем Терещенко жүлдеге сәл ғана жетпей қалды. Аралас байдарка-екілік құрамалары арасындағы 500 метрлік финалда олар 1:41.272 нәтиже көрсетіп, төртінші орынға ие болды.

Боксшылар арасында Махмұд Сабырхан мен Нұрбек Оралбай келесі кезеңге өтті. 55 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сабырхан 1/8 финалда Иран өкілі Мехди Каземиден басым түсті. Жекпе-жек кезінде қазақстандық боксшы қарсыласын екі рет нокдаунға түсірді.

Ал 90 келіге дейінгі салмақта Нұрбек Оралбай Ауғанстан спортшысы Силаб Нуримен кездесті. Төрешілердің бірауызды шешімімен 5:0 есебінде жеңіске жеткен Оралбай да ширек финалға жолдама алды.

Қазақстандық боксшы Виктория Графеева үшін жарыс аяқталды. 60 келіге дейінгі салмақтағы 1/8 финалда ол Қытайлық Тайбэй өкілі, Олимпиада чемпионы Линь Юйтинге 2:3 есебімен жол берді. Жеңімпаз төрешілердің бөлінген шешімімен анықталды.

Жеңіл атлетикадан Қазақстан намысын қорғаған Шадрак Коеч ерлер марафонында жетінші орын алды. Ол 42,195 шақырымды 2 сағат 14 минут 07 секундта жүгіріп өтті және жарысты үздік ондықтың қатарында аяқтады.

Ауыр атлетикадан 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Бексұлтан Айтбай жетінші орынға тұрақтады. Қазақстандық спортшы жұлқа көтеруде 135 келі, серпе көтеруде 177 келі көтеріп, қос сайыс қорытындысында 312 келі нәтижеге қол жеткізді.

 

评论