Жылу жеткіліксіз берілгені үшін ақысы қайта есептеледі

201
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/k1aRxfqWzP0LzmbzYuYCWDw80X91hYTFgprCbhTa.jpg

Өңірде 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы бойынша жылу жеткіліксіз берілгеніне байланысты тұтынушылардың жылумен жабдықтау қызметіне төлемі қайта есептеледі.

Есептеу жылу энергиясын есепке алу құралдары жоқ тұрмыстық тұтынушылар үшін сыртқы ауаның нақты температурасы ескеріліп жүргізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Андрей Шевченко мәлімдеді.

Биыл қайта есептелетін сома өткен жылмен салыстырғанда шамамен 70%-ға төмен болды. Сонымен қатар департамент реттелетін 150 қызметті көрсететін 69 табиғи монополия субъектісінің жұмысын бақылауды жалғастыруда. Олардың қатарында жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру, сондай-ақ электр энергиясын беру қызметтері бар.

«Біз көрсетілген қызметтердің нақты көлемін белгіленген нормативтермен салыстырамыз. Егер жылудың жеткіліксіз берілгенін анықтасақ, тұтынушыларға қайта есептеу жүргізіледі. Бұл тек есептелген төлемді ғана емес, көрсетілген қызметтің нақты сапасын да ескеруге мүмкіндік береді», - деді Андрей Шевченко.

Сонымен қатар облыста тозу деңгейі жоғары коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Электрмен жабдықтау желілерінің тозуы орта есеппен 59%, сумен жабдықтауда 53%, су бұру жүйелерінде 61%, ал жылумен жабдықтауда 53% құрайды. Биыл 2,2 мың шақырымнан астам желі мен 600-ге жуық жабдықты жөндеу жоспарланған.

«Біз үшін тарифтік қаражаттың тұтынушының игілігіне нақты жұмыс істеуі маңызды. Яғни қаражат желілерді жөндеуге, жабдықтарды жаңартуға және коммуналдық қызметтердің сенімділігін арттыруға бағытталуы керек. Сондықтан кәсіпорындардың шығындарын мұқият қарап, қабылданған бағдарламалардың орындалуын бақылауда ұстаймыз», - деп атап өтті спикер.

Биыл сондай-ақ 2022–2026 жылдарға бекітілген ұзақ мерзімді тарифтердің қолданылу мерзімі аяқталады. Қазір мамандар инфрақұрылымның жағдайы мен тұтынушылардың мүдделерін ескере отырып, кәсіпорындардың келесі бес жылдық кезеңге арналған жаңа өтінімдерін қарастыруда.

评论