Өскемен тұрғыны фотосын рұқсатсыз жариялағандардан 600 мың теңге өндіріп алды

207
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/HDibgXQhpYloyhotmSxcXZmavVTQZC4dvD4D9sva.jpg

Өскемен қаласының тұрғыны өзінің фотосуретін әлеуметтік желіде келісімінсіз жариялап, ар-намысына тиетін мәліметтер таратқан азаматтарды сотқа берді. Бұл туралы 30 қыркүйекте Жоғарғы сот жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Іс материалдарына сәйкес, Instagram желісіндегі екі қолданушы әйелдің суретін әдепсіз пікірлермен бірге жариялап, оның мінез-құлқы туралы дәлелсіз айыптаулар айтқан. Жарияланым авторлары мұны «жеке пікір» деп түсіндіруге тырысқанымен, сот олардың уәжін қабылдамаған.

Сот нақты адамға қатысты айтылған мұндай мәлімдемелер дәлелдемелермен расталуы тиіс екенін атап өтті. Алайда жауапкерлер өз сөздерінің растығын дәлелдей алмаған. Сонымен қатар, фотосуретті иесінің келісімінсіз жариялау азаматтың құқықтарын бұзу деп танылған.

Нәтижесінде сот жарияланымдарды алып тастауға және жалған мәліметтерді теріске шығаруға міндеттеді. Сондай-ақ екі жауапкердің әрқайсысынан моральдық зиян үшін 300 мың теңгеден өндірілді. Бұған қоса, сот шығындарын өтеу жүктелді. Апелляциялық және кассациялық сатылар бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған.

Жоғарғы Соттың мәліметінше, осыған ұқсас тағы бір іс Жамбыл облысында қаралған. Онда Астана тұрғыны өзінің фотосуреті шамамен 1,5 мың адам қатысатын WhatsApp чаттарында рұқсатсыз таратылғанын анықтаған. Сот чаттағы скриншоттарды электрондық дәлел ретінде танып, екі жауапкерден талап қоюшының пайдасына моральдық зиян үшін 20 мың теңгеден өндірген.

评论