Өрт шыққан сәтте көпшілік қауіпсіз жерге шығуға асықса, өрт сөндірушілер жалын шарпыған ғимаратқа қарай бет алады. Олардың міндеті – өртті ауыздықтап қана қоймай, қауіпке тап болған адамдарды құтқару. Бұл үшін кәсіби дайындықпен қатар, сабырлылық пен жауапкершілік қажет. Алайда төтенше жағдай кезінде өрт сөндірушілер қандай қиындықтарға тап болады?
Қауіпті сәтте шешімді қалай қабылдайды? Ал қызметтен тыс уақытта оларды не алаңдатады? «Адырна» тілшісі осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін Атырау қаласындағы №3 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Ринат Өтеулиевпен сұхбаттасты.
«ӨЗІМ ҮШІН ЕМЕС, ЖЕКЕ ҚҰРАМ ҮШІН ДЕ ЖАУАП БЕРЕМІН»
Ринат Өтеулиев 2020 жылы мектепті аяқтап, Көкшетау техникалық институтына оқуға түскен. 2024 жылы Азаматтық қорғау академиясын тәмамдап, еңбек жолын Атырау қаласындағы Төтенше жағдайлар басқармасының №3 өрт сөндіру бөлімінде жалғастырған. Қазір ол осы бөлімде қарауыл бастығы қызметін атқарады.
«Өрт сөндіруші болу – бала кезгі арманым. Кішкентай кезімнен осы мамандыққа қызығып, адамдарға көмектескім келді. Әсіресе, қиын жағдайға тап болған жандарды құтқарып, олардың аман қалуына үлес қосуды қаладым. Сондықтан осы мамандықты саналы түрде таңдадым. Қазір артқа қарап, өз шешіміме өкінбеймін. Керісінше, адамдарға көмектесуге мүмкіндік беретін осындай жауапты қызметті таңдағаныма қуанамын», – дейді ол.
Алайда бұл мамандықты таңдау – тек батылдық танытумен шектелмейді. Өрт сөндіруші үшін әр сәтте жинақы жүру, жылдам шешім қабылдау және өз әрекетіне жауап бере білу маңызды. Әсіресе, қарауыл бастығы ретінде Ринат өз қауіпсіздігімен қатар, бірге қызмет атқаратын жеке құрамның өміріне де жауапты.
«Мен тек өзім үшін емес, өзіммен бірге қызмет атқаратын жеке құрам үшін де жауап беремін. Сондықтан әр шақырту алдында олардың дайындығына, техника қауіпсіздігі ережелерінің сақталуына ерекше мән береміз. Мен үшін ең бастысы – тапсырманы орындап, барлық жеке құрамның аман-есен бөлімге оралуы. Өрт кезінде қорқынышқа берілмей, дұрыс шешім қабылдай білу қажет. Сонымен қатар, ұжыммен жұмыс істей білу керек, өйткені өрт сөндіруде бір адамның емес, қарауылдың бірлесе атқарған жұмысы маңызды», – дейді ол.
«БАЙЗАРДАҒЫ» ӨРТ
Ринаттың қызметінде ерекше есте қалған оқиғалардың бірі – Атыраудағы «Байзар» сауда ойын-сауық орталығында болған өрт. Тілсіз жауды сөндіруге облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 90 құтқарушы мен 12 техника жұмылдырылған. Оқиға кезінде сауда орталығының ғимаратынан 80 адам, оның ішінде 45 бала қауіпсіз жерге эвакуацияланған.
«Біз тікелей өрттің ішіне кіріп, өрт сөндіру жұмыстарын жүргіздік. Ең басты қиындық – ғимараттың іші қою қара түтінге толып, көріну мүмкіндігінің өте төмен болуы еді. Соның салдарынан зардап шеккен адамдарды іздестіру жұмыстары қиындады. Одан бөлек, жоғары температура да кедергі келтірді. Ғимараттың ішіндегі конструкциялардан өту, кейбірін ашып, бұзу жұмыстары оңай болған жоқ. Десе де, біз барлық адамды аман алып қалдық», - деп еске алады Ринат.
Айтуынша, осындай төтенше жағдайларда әр секундтың маңызы арта түседі.
«Осындай оқиғалардан кейін қызметіңе деген жауапкершілігің бұрынғыдан да арта түседі. Өрттің ішінде жүргенде уақыттың әр секунды маңызды екенін түсінесің. Ең бастысы – адам өмірін сақтау. Біз үшін бұл жай ғана міндет емес, әр шақырту кезінде бірінші кезекте тұратын мақсат. Қаншалықты қиын болса да, жағдайды дұрыс бағалап, қолыңнан келгеннің бәрін жасауға тырысасың», – дейді ол.
«БІР АУЫЗ АЛҒЫС – ЖҰМЫСЫҢНЫҢ МАҢЫЗЫ»
Өрт сөндірушілер оқиға орнына адамдарды құтқару үшін аттанады. Алайда әр жағдайдың соңы бірдей бола бермейді. Кейде қанша күш жұмсап, бар мүмкіндікті пайдаланғанымен, адам өмірін сақтап қалу мүмкін болмайтын сәттер де кездеседі. Ринат мұндай жағдайлардың қызметкерге оңай тимейтінін жасырмайды.
«Бұл – өте ауыр жағдай. Біз әр шақыртуға, ең алдымен, адам өмірін сақтап қалу үшін барамыз. Оқиға орнына жеткенде, жағдайды бағалап, адамдарға қалай көмектесуге болатынын ойлайсың. Бар күшіңді салып, қолыңнан келгеннің бәрін жасауға тырысасың. Бірақ кейде жағдай біз ойлағандай болмайды. Мұндай сәттерді адам ретінде де ауыр қабылдайсың. Өйткені әр жанның өмірі маңызды. Соған қарамастан, біз өз міндетімізді соңына дейін орындауға тырысамыз. Қандай жағдай болса да, көмекке мұқтаж адамдарды құтқару үшін бар мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Бұл мамандықта жауапкершіліктен қашуға болмайды», - дейді ол.
Ал құтқарылған адамдардың алғысын есту – қызметтегі ең қуанышты сәттердің бірі.
«Кейде бір ауыз рақметтің өзі атқарған жұмысыңның қаншалықты маңызды екенін сездіреді. Себебі бір адамға болса да көмегің тигенін түсінесің. Кейде адамдар біздің жұмысымыздың қиындығын түсінбеуі мүмкін. Бірақ біз үшін ең бастысы – адамдардың амандығы және өз міндетімізді дұрыс орындау»,- дейді қарауыл бастығы.
КӨПШІЛІК БІЛЕ БЕРМЕЙТІН КҮНДЕЛІКТІ ДАЙЫНДЫҚ
Өрт сөндірушілердің жұмысы өрт шыққан кезде оқиға орнына барумен ғана шектелмейді. Қауіпті жағдайға дайын болу үшін олар күн сайын дене дайындығын шыңдап, арнайы сабақтарға қатысады, техника мен құрал-жабдықтардың жарамдылығын тексереді.
«Көпшілік бізді тек өрт сөндіреді деп ойлайды. Бірақ күнделікті жұмысымыз бұдан әлдеқайда көп. Біз дене дайындығымен айналысамыз, арнайы сабақтар өткіземіз, өрт сөндіру техникасы мен құрал-жабдықтарды тексереміз. Түрлі жаттығулар жасап, өрт кезінде қолданылатын әдістерді үйренеміз. Мұның бәрі бекер емес. Төтенше жағдай кезінде ұзақ ойланып тұруға мүмкіндік болмайды. Сондықтан әр әрекетке алдын ала дайын болуымыз керек. Құрал-жабдықтардың жарамдылығы, жеке құрамның дайындығы, әр қызметкердің өз міндетін білуі – осының бәрі жұмыстың нәтижесіне әсер етеді. Біздің мақсатымыз – кез келген шақыртуда жағдайды дұрыс бағалап, адам өмірін сақтап қалу»,-дейді ол.
БІР ТӘУЛІК КЕЗЕКШІЛІК
Ринат қызмет ететін бөлімде жұмыс кестесі бір тәулік кезекшілік пен үш тәулік демалыс тәртібімен ұйымдастырылған. Қызметкерлер таңғы сағат 08:00-де кезекшілікке келіп, келесі күні дәл осы уақытта ауысымды тапсырады. Дегенмен, қызметтің ерекшелігіне байланысты кейде демалыс күндері де жұмысқа шақырылуы мүмкін.
«Таңғы сағат 8:00-де жұмысқа келіп, келесі күні таңғы 8:00-де кезекшілікті тапсырамыз. Бірақ кейде жағдайға байланысты демалыс күндері де жұмысқа шақыртуы мүмкін. Өйткені біздің қызмет тәулік бойы дайындықты талап етеді. Өрт сөндірушілердің жұмысы тұрақты дайындықты қажет етеді. Себебі төтенше жағдайдың қашан болатынын алдын ала болжау мүмкін емес. Сондықтан әр қызметкер кез келген уақытта міндетін атқаруға дайын болуы керек»,-дейді ол.

«ҚҰТҚАРУШЫ ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕСІН САҚТАСА, ҚҰТҚАРУШЫ»
Ринаттың айтуынша, өрт сөндірушілер де қорқыныш, уайым мен шаршауды сезінетін қарапайым адамдар. Алайда жауапты сәтте өзіңді қолға алып, эмоцияға берілмей әрекет ету қажет.
«Бізде де қорқыныш, уайым және шаршау болады. Өрт кезінде қиын жағдайлар кездеседі. Бірақ сол сәтте өзіңді қолға алып, дұрыс әрекет етуің керек», - дейді ол.
Қызметтен тыс уақытта Ринат демалып, отбасымен және жақындарымен уақыт өткізуге тырысады. Спортпен айналысып, достарымен кездесіп, өзіне ұнайтын істерге уақыт бөледі. Оның сөзінше, демалыс кезінде күш жинап, келесі кезекшілікке дайын болу да маңызды рөл атқарады.
Жақындары да оның жұмысына алаңдайды. Өйткені әр кезекшіліктің қалай аяқталатынын алдын ала білу мүмкін емес.
«Жақындарым мен үшін алаңдайды. Әсіресе, кезекшілікке кеткен кезде уайымдайтынын білемін. Өйткені біздің жұмысымызда не болатынын алдын ала болжау мүмкін емес. Бірақ олар менің мамандығымды түсінеді және қолдайды. Мен де әрдайым қауіпсіздік ережелерін сақтап, тапсырманы дұрыс орындап, үйге аман-есен оралуға тырысамын. Отбасыңның сені күтіп отырғанын білу де үлкен жауапкершілік жүктейді»,– дейді Ринат Өтеулиев.
Өрт сөндірушілер – адам өмірі мен қоғам қауіпсіздігін қорғауда маңызды рөл атқаратын мамандық иелері. Бүгінде олардың еңбегі мен ерлігіне құрметпен қарап, күн сайын атқарып жүрген жауапты қызметін бағалау аса маңызды. Себебі қиын сәтте көмекке келіп, адам өмірін сақтап қалу үшін тәуекелге баратын жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.

Диана Асан
«Адырна» ұлттық порталы
