Қазақ ұлттық спорт университетінің негізін қалаушы оқу орнын мемлекетке сыйға тартпақ

133
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/8kGihuyELNuH3gHqHd4qZQcqqFP6mN8oxhNuLjjC.jpg

Қазақ ұлттық спорт университетінің негізін қалаушы Нұрасыл Медеу оқу орнын мемлекетке өтеусіз беру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

2021 жылы 150 студенті бар Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы ретінде құрылған оқу орны бүгінде бес мыңға жуық студент білім алатын университетке айналған.

Бес жыл ішінде университет халықаралық серіктестіктер орнатып, спорт ғылымын дамытуға арналған зертханалар мен орталықтар ашқан. Сонымен қатар қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске қосып, спорттың түрлі бағыттары бойынша жобаларды жүзеге асырған.

Университет негізін қалаушының айтуынша, оқу орнын мемлекетке беру туралы шешім кейіннен қабылданбаған. Мұндай ниет университет құрылған кезден бастап болған.

«Кез келген алыпқашпа әңгімеге нүкте қойғым келеді. Бұл – сату да емес, сенімгерлік басқаруға беру де емес, мәжбүрлі түрде жасалған қадам да емес. Бұл – туған еліме жасалған өтеусіз сый», – деді Нұрасыл Медеу.

Университет Халықаралық Олимпиада комитетімен бірлесіп, Олимпиадалық зерттеулер, білім беру және мұра орталығын ашқан. Сондай-ақ допингке қарсы білім беру, киберспорт, спорт журналистикасы және құтқару спорты бағыттарында жобалар жүзеге асырылған.

Бұдан бөлек, оқу орнында талантты жастарды қолдауға арналған гранттар қарастырылған. Олар оқу ақысын төлеуді, шәкіртақы алуды, жатақханамен қамтамасыз етуді және шетелде білім алу мүмкіндіктерін қамтиды.

Нұрасыл Медеу студенттер алдындағы барлық міндеттеме, соның ішінде бұрын тағайындалған гранттарды қаржыландыру да толық сақталатынын мәлімдеді.

«Қазақстанның болашағына осындай үлес қосу мен үшін үлкен мәртебе. Біз құрғанның барлығы жастарға, отандық спортқа және елімізге қызмет етуі керек», – деді университет негізін қалаушы.

Оқу орнын мемлекетке өтеусіз беру бастамасы спорттық білім беру жүйесін дамытуға, жас мамандарды даярлауға және спорт ғылымын ілгерілетуге бағытталған қадам ретінде бағаланып отыр.

Айта кетейік, Нұрасыл Медеу - Құрылтай депутаты Дана Медеуованың ұлы.

评论