Чубайс Ресейден кетер алдында Путинге хат жолдап, Украинадағы соғысты тоқтатуға шақырған

162
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/5fFOYv2tSsuodidYS8vWGzQ5inexYtqsTOnGrYol.jpg

Фото: SCANPIX / REUTERS

Ресейдің бұрынғы вице-премьері әрі «Роснано» корпорациясының экс-басшысы Анатолий Чубайс 2022 жылғы наурызда Ресей президенті Владимир Путинге хат жолдап, Украинаның аумағына жасалған толық ауқымды басқыншылықты сынаған және соғысты тоқтатуға шақырған. Бұл туралы БҰҰ-ның Ресейдегі адам құқықтары жөніндегі арнайы баяндамашысы Мариана Кацарованың жаңа баяндамасында айтылған, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы DW басылымына сілтеп.

15 қазанда таныстырылған құжатқа сәйкес, Чубайс хат жолдағаннан кейін президенттің арнайы өкілі қызметінен босап, Ресейден кеткен. Ол «Эхо» басылымына берген түсініктемесінде Владимир Путинге осындай хат жазғанын растаған.

Баяндама авторы Мариана Кацарова «Роснано» компаниясының бұрынғы топ-менеджерлеріне қатысты қудалауды Чубайстың соғысқа қарсы ұстанымымен байланыстырады. Оның айтуынша, бұл істер саяси себептермен активтерді тартып алу және кәсіпкерлерді қудалау мәселелері аясында қарастырылған. Құжатта Ресей билігі «Роснано» компаниясымен байланысты кемінде 22 адамға айып таққаны көрсетілген.

Атап айтқанда, биыл компанияның бұрынғы топ-менеджерлері Борис Галкин мен Андрей Кушнарев бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша тоғыз жылға бас бостандығынан айырылған. Ал бұрынғы басшылар Андрей Малышев пен Ирина Рапопорт тиісінше 12 және 15 жылға сотталған.

«Эхо» басылымының мәліметінше, айыпталушылар өздеріне қатысты қылмыстық істерді Чубайстың Ресейге оралудан бас тартуымен байланыстырған.

Анатолий Чубайс 2008–2020 жылдары «Роснано» корпорациясын басқарған. Ресейден кеткеннен кейін Владимир Путин оны бірнеше рет сынға алған. 2023 жылы Ресей президенті Чубайстың елден кетуін компаниядағы «орасан зор қаржылық олқылықпен» байланыстырып, оған қатысты сын пікір білдірген.

2025 жылғы қаңтарда Мемлекеттік дума депутаттары Андрей Картаполов пен Андрей Луговой Тергеу комитеті мен Бас прокуратураға Чубайстың қызметіне қатысты тексеру жүргізуді талап етіп, сауал жолдаған.

2025 жылдың соңында сот Чубайс пен оның «Роснано» компаниясындағы бұрынғы әріптестерінің мүлкіне тыйым салған. Бұл шешім компанияның жаңа басшылығының шығынды өндіріп алу туралы талап-арызы аясында қабылданған. Талап магниторезистивті жедел жад (MRAM) өндіру жобаларына қатысты болған.

2026 жылғы мамырда Чубайс «Роснаноның» бұрынғы әріптестерін қорғап, корпорацияның жаңа басшылығын рейдерлік әрекет жасады деп айыптаған.

评论
其他材料