Halyk 150 МВт қуат өндіретін жел электр станциясының құрылысын қаржыландырады

197
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/TLHJT9vYS0jYvYUmoqK6I87xJ1xzxtX5rcYp8KM2.jpg

Halyk Bank пен «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» (ККС) Түркістан облысында «Жүзімдік» жел электр станциясын (ЖЭС) салу туралы келісімге қол қойды. Жобаны қаржыландыру көлемі 138 млн АҚШ долларын құрайды.

Жаңа электр станциясы өңірде жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемін арттыруға, экологиялық таза энергияны пайдалануды кеңейтуге және аймақтың энергетикалық теңгерімін әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Құрылысты 2027 жылдың наурыз айында бастау жоспарланған. Ал нысанды пайдалануға беру 2028 жылдың қыркүйегіне белгіленген.

Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Ольга Вурос келісімге қатысты пікір білдіріп, банктің ESG стратегиясы аясында экологиялық жобаларды қаржыландырудың және Қазақстанның тұрақты дамуына үлес қосудың маңызын атап өтті.

«“Жүзімдік” жел электр станциясын қаржыландыруға қатысу біз үшін айрықша маңызға ие. Бұл – “Қазақстандық коммуналдық жүйелер” компаниясының стратегиялық инвестициялық бастамасын қолдаумен қатар, еліміздің ұзақ мерзімді экологиялық және экономикалық мақсаттарына қол жеткізуге мүмкіндік беретін жоба. Біз мұны заманауи энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға салынған инвестиция ғана емес, Қазақстанның тұрақты әрі экологиялық жауапты энергетикалық жүйесін қалыптастыруға қосылған үлес ретінде қарастырамыз», – деді Ольга Вурос.

Жел электр станциясының құрылысы бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде қуаты 150 МВт болатын генерациялау нысандарын іске қосу көзделген. Кейін станцияның жалпы қуатын 350 МВт-қа дейін ұлғайту мүмкіндігі қарастырылған.

Бірінші кезең аясында әрқайсысының қуаты 7,5 МВт болатын 20 жел турбинасын орнату, кернеуі 35/220 кВ қосалқы станция салу және ұзындығы шамамен 22 шақырым болатын 220 кВ әуе электр желісін тарту жоспарланып отыр.

Жобаны іске асыру Қазақстанның жаңартылатын энергетика саласын дамытуға, елдің энергетикалық теңгерімін әртараптандыруға және төмен көміртекті экономикаға көшуіне бағытталған бастамалардың біріне айналады.

«Қазақстандық коммуналдық жүйелер» компаниясы бұл инвестициялық жобаны «New Clean Energy» ЖШС арқылы жүзеге асырады. Сонымен қатар жобаға Қазақстанның Даму Банкін (ҚДБ) тарту жоспарланып отыр.

评论