Президент әкімшілігінің экс-басшысы, 88 жастағы академик 14 жылға сотталды

233
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/zdzqTCS9crtfnk16Q23jDE8StJlLQWFA27ws8cqG.webp

Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы (ҰҒА) президиумының отырысында Рамиз Мехтиевті Академия мүшелігінен шығару мәселесі қаралды. Бұл туралы АПА агенттігі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Академия мәліметінше, 2023 жылғы 23 қарашада ҰҒА-ның жалпы жиналысында бекітілген Академия мүшелерін сайлау, олардың құқықтары мен міндеттері туралы ереженің 3.6-тармағына сәйкес, егер Академия мүшесі ел мен Академияның беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер жасаса немесе өз міндеттерін орындамаса, оны ҰҒА құрамынан шығару мәселесі президиум отырысында қаралады. Тиісті шешім қабылданғаннан кейін мәселе ҰҒА-ның Жалпы жиналысының бекітуіне ұсынылады.

Академия президенті Иса Габиббейли отырысты ашу барысында Рамиз Мехтиевтің елдің беделіне нұқсан келтіретін қылмыстық әрекеттерге барғанын және Академия мүшелеріне қойылатын жарғылық талаптарды бұзғанын мәлімдеді. Сондай-ақ Баку қаласының Ауыр қылмыстар жөніндегі сотының үкімімен оның 14 жылға бас бостандығынан айырылғаны айтылды.

Оның сөзінше, тәуелсіз мемлекеттің конституциялық құрылысын өзгерту жоспарын көздеген Рамиз Мехтиевтің әрекеттері – елдің тәуелсіз мемлекеттілігіне опасыздық жасау. Бұл — Академия мүшесінің мәртебесіне қайшы келетін, ғалымның беделіне нұқсан келтіретін кешірілмес әрекеттер.

«Мемлекетке опасыздық жасап, соттың қатаң жазасына кесілген Рамиз Мехтиев Ұлттық ғылым академиясының мүшесі болып қала алмайды», — деп атап өтті Иса Габиббейли.

Осыған байланысты Рамиз Мехтиевтің ел азаматы мен Академия мүшесіне лайық емес қылмыстық әрекеттері және Баку қаласының Ауыр қылмыстар жөніндегі сотының оны 14 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкімі ескеріліп, оны ҰҒА мүшелігінен шығару орынды деп танылды. Мәселе президиум мүшелерінің талқылауына ұсынылды.

ҰҒА президиумының мүшелері тәуелсіз мемлекетке опасыздық жасаған, конституциялық құрылысты өзгертуге әрекеттенген және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, заңсыз байлық жинаған Рамиз Мехтиевтің әрекеттерін қатаң айыптады.

Отырыс барысында Рамиз Мехтиевті Академия мүшелігінен шығару мәселесі дауысқа салынып, қолдау тапқан.

Академияның мәліметінше, қабылданған шешім ҰҒА мүшелерін сайлау, олардың құқықтары мен міндеттері туралы ережеге сәйкес Академияның жалпы жиналысында бекітілуі тиіс.

Отырыс соңында ҰҒА президиумы Академияның жалпы жиналысын 30 қазанда шақыру туралы шешім қабылдады.

Айта кетейік, Баку қаласының Ауыр қылмыстар жөніндегі сотының үкімімен Әзербайжан президенті әкімшілігінің бұрынғы басшысы Рамиз Мехтиев 14 жылға бас бостандығынан айырылған.

Алайда сот үкімінде оның жасы мен денсаулық жағдайы ескеріліп, Қылмыстық кодекстің 70-бабына сәйкес тағайындалған жаза шартты деп танылған.

Сондай-ақ сот үкімінде Рамиз Мехтиевті мемлекеттік наградаларынан айыру мәселесін қарау үшін тиісті ұсыныс енгізу көзделген.

Бұдан бөлек, оның мүлкін мемлекет пайдасына тәркілеу туралы шешім қабылданған.

Еске салайық, 2025 жылғы қазанда Әзербайжан Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі Рамиз Мехтиевке қатысты қылмыстық іс қозғаған. Оған Қылмыстық кодекстің 193-1.3.2-бабы (қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру), 274-бабы (мемлекетке опасыздық жасау) және 278.1-бабы (билікті күшпен басып алуға немесе мемлекеттің конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге бағытталған әрекеттер) бойынша айып тағылған.

评论