Тұрсын Жұртбай ТҮРКСОЙ ұйымының алтын медалімен марапатталды

375
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/spPEfRkJQOnA2EMuWbFdORaKVCdgr7NsUxjFjvOo.jpg

Жазушы, әдебиет зерттеушісі, абайтанушы және алаштанушы Тұрсын Жұртбай түркі дүниесінің рухани-мәдени дамуына қосқан зор үлесі үшін ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының алтын медалімен марапатталды. Қазақ руханияты үшін айтулы жаңалықты ақын, журналист Ұлықбек Есдәулет атап өтті, деп хабарлайды “Адырна”.

Мәртебелі марапатты Анкара қаласындағы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының штаб-пәтерінде ұйымның Бас хатшысы Сұлтан Әкімұлы Раев салтанатты түрде табыстады.

Бұл марапат – Тұрсын Жұртбайдың қазақ әдебиеті мен тарихын зерттеудегі, Алаш мұрасын зерделеудегі және Абай шығармашылығын насихаттаудағы көпжылдық еңбегіне берілген жоғары баға. Ғалымның ғылыми-зерттеу жұмыстары мен шығармашылық ізденістері қазақ руханиятының ғана емес, тұтас түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасын тануға да елеулі үлес қосып келеді.

Тұрсын Жұртбай 1951 жылы 15 тамызда Семей өңіріндегі Абай ауданының Шаған ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Әр жылдары «Жетісу» газетінде, «Білім және еңбек», «Жұлдыз» журналдарында қызмет атқарған.

Қаламгердің «Дулыға», «Құнанбай», «Ұраным – Алаш!..», «Бесігіңді түзе!» сынды еңбектері қазақ әдебиеті мен тарихындағы маңызды зерттеулер қатарынан орын алады. Ол Абайтану, әуезовтану және алаштану салаларына елеулі үлес қосқан ғалым. 2002 жылы профессор ғылыми атағын алған. Еңбектері әлемнің 15 тіліне аударылған. Қазақстан Жазушылар одағының «Алаш» және Ілияс Жансүгіров атындағы әдеби сыйлықтарының лауреаты.

评论