Мемлекет басшысы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында қазақ тілінің болашағына қатысты маңызды мәселелерді көтерді

198
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ImKSPNcbGv9mUtXjds2MphJ3abSffb3KsydFGgCk.png

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында мемлекеттік тілдің дамуы, ұлттық бірегейлікті нығайту және қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі қолданыс аясын кеңейту мәселелеріне айрықша назар аударды.

Президент қазақ тілінің болашағына қатысты нақты міндеттерді айқындап, орфографиялық нормаларды жетілдіру, тілдік бірізділікті қалыптастыру, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту бағытында Үкіметке, әкімдіктерге, ғылыми орта мен қоғам өкілдеріне бірқатар тапсырма жүктеді.

Қазақ тілі – ұлттық руханияттың алтын діңгегі, елдің егемендігі мен мемлекеттілігін айқындайтын маңызды құндылық. Сондықтан оның дамуы білім беру жүйесіндегі сабақтастықты сақтаудан бастап, күнделікті қоғамдық қатынастарда кеңінен қолданылуына, сауатты жазу мәдениетін қалыптастыруға және жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға құрметін арттыруға дейінгі ауқымды міндеттерді қамтиды. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс тілдің қоғамдық өмірдегі орнын нығайтып, ұлттық бірегейліктің жаңа мазмұнда дамуына жол ашады.

Осы мәселелер жөнінде профессор, филология ғылымдарының кандидаты Аида Айтмукашовамен әңгімелестік. Сарапшы Мемлекет басшысы көтерген бастамалардың мәнін, тәуелсіздік жылдарындағы қазақ тілінің лексикалық дамуын, емле нормаларын жетілдірудің маңызын және тіл саясатының келешегін саралады.

— Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында Мемлекет басшысы қазақ тілінің болашағына қатысты нақты міндеттерді белгілеп, Үкіметке, әкімдіктерге, ғылыми орта мен қоғам өкілдеріне бірқатар тапсырма жүктеді. Сіздіңше, Президент айқындаған осы бағыттар алдағы жылдары қазақ тілінің жаңа даму кезеңіне өтуіне негіз бола ала ма?

—  Мемлекет басшысының қазақ тілінің болашағына қатысты нақты міндеттерді айқындап, оны дамыту мәселесін мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде көтеруі – ана тіліміздің келешегіне бағытталған маңызды қадам. Президент белгілеген басымдықтар алдағы жылдары қазақ тілінің жаңа даму кезеңіне өтуіне негіз бола алады деп есептеймін. Ол үшін ең алдымен мектеп пен жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламалары арасында сабақтастық пен жүйелілік қағидаттары сақталуы керек. Сондай-ақ қазақ тілінің мәртебесіне сай оны қоғамдық өмірдің барлық саласында қолдану аясы кеңейгені маңызды. Мекеме маңдайшаларынан бастап, ісқағаздарын жүргізу жұмыстарына дейін ортақ талаптар мен бірізді ұстаным қалыптасып, бұл бағыттағы жұмыстар заң аясында жүйелі түрде жүзеге асырылуы қажет. Осындай үйлесімді жұмыс нәтижесінде қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп, қоғамдық өмірдегі орны нығая түседі.

— Президент «Заң мен Тәртіп» қағидатын қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру қажеттігін атап өтті. Бұл ұстаным азаматтардың құқықтық мәдениеті мен жауапкершілігін арттыруға, өркениетті қоғам қалыптастыруға қалай ықпал етеді?

— «Заң мен Тәртіп» қағидатын қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру қажет. Бұл ұстаным өркениетті қоғам қалыптастыруға негіз болатыны сөзсіз. Сондықтан бала тәрбиесінде отбасылық құндылықтармен бірге заң, тәртіп мәселесі бірге өріліп отыру керек. Бала кезден бастап біреудің жеке басын кемсітпеу, өз өміріне, өз ісіне жауапкершілік алу, заңды бұзбау, қоғамдық мүлікке, қоршаған ортаға күтіммен қарау, әлеуметтік желіде заң бұзбау сияқты ережелерді балабақшадан бастап сіңіре беру керек деп есептеймін.

Мемлекеттік тілге құрметпен қарау, оны дәріптеу осы бағыттағы шаралардың ең негізгі өзегі болуы тиіс.

— Мемлекет басшысы Конституцияда «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздерін бас әріппен жазу туралы шешімнің терең мәніне тоқталды. Филологиялық тұрғыдан алғанда, бұл қадамның символдық және тілдік маңызы қандай? Мұндай жазу үлгісі жас ұрпақтың ұлттық құндылықтар мен мемлекеттілік ұғымдарына деген көзқарасын қалыптастыруға қалай әсер етеді?

— Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде қоғамдағы саяси, экономикалық қатынастардың өзгеруімен байланысты мәдени-әлеуметтік құндылықтарды қайта бағалау жөнінде әртүрлі пікірлер ескеріліп, “Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің” соңғы (2013 ж) басылымына біршама өзгерістер енгізілген болатын. Солардың ішінде бас әріппен жазылатын сөздер сөздіктің соңында түрлі тақырыптық топтарға бөлініп, сөзтізбеде көбірек берілген болатын. Мысалы: Дәуір, кезең, мәдениет, тарихи оқиға атаулары.

Ал  қазақ тілі орфографиясы мен пунктуациясының ғылыми негізін жасаған академик Р.Сыздықтың «Емле және тыныс белгілері» (1996 ж) еңбегінің 110-параграфында былай делінген: «Аса маңызды тарихи дәуірлердің, революциялардың, уақиғалардың, мерекелердің аттары бас әріппен жазылады». 111-параграфта: «Кейбір аса маңызды құжаттардың (конституция, келіссөз т.б.) аттары бас әріппен жазылады».

Аталған өзгерістер, ережелер «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздерін бас әріппен жазу туралы шешімнің символдық және тілдік негіздемесі. Мұндай жазу үлгісі жас ұрпақтың бойында ұлттың қастерлі ұғымдарын қадірлеуге жастайынан ықпал ететіні сөзсіз.

— Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін ұлтты ұйыстыратын және өркениетіміздің өрісін кеңейтетін «жұмсақ күш» ретінде сипаттады. Бұл тұжырымды қазіргі жаһандану жағдайында қалай түсінуге болады?

— Қазақ тілі — ұлтты ұйыстыратын және өркениетіміздің өрісін кеңейтетін “жұмсақ күш”, себебі қазіргі   жаһандану заманында ұлттық тіл халқымыздың мемлекеттілігінің ең негізгі нышаны. Ұлттық діл, ұлттық тіл, ұлттық келісім, ұлттық бірегейлік т.б. маңызды мәселелер  - ұлт руханиятының алтын діңгегі. Сондықтан өркениетіміздің өрісін кеңейту үшін,  ұлтты біріктіру үшін де қазақ тілі ең  негізгі рөл атқарады.

— Мемлекет басшысы қазақ тілінің дамуын ұлттық жауапкершілікпен, елдің егемендігі мен мемлекеттілігін нығайтумен байланыстырды. Тіл мен тәуелсіздік арасындағы осы байланыстың қоғамдық сана үшін маңызы қандай?

— Тіл мен тәуелсіздік арасындағы байланыс қоғамдық сананың жаңғыруына, ұлттық құндылықтарға деген көзқарастың қалыптасуына тікелей ықпал етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілінің дамуын елдің егемендігі мен мемлекеттілігін нығайтумен байланыстыра қарастыруы тіл саясатының стратегиялық маңызын айқындай түседі. Тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінің лексикалық жүйесі жаңа ұғымдармен толығып, сөздік қорымызда бірқатар маңызды өзгерістер орын алды. Атап айтқанда, халықаралық терминдердің қазақ тіліндегі баламалары қалыптасып, ұлттық танымға сай төлтума сөздер қайта қолданысқа енді. Бұл үдеріс ұлттық сананың жаңғыруымен және тілдің ішкі мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануымен тығыз байланысты.  Мысалы: суверен-егемен, суверенитет – егемендік, патриот- ұлтжанды т.б.

— Президент қазақ тіліндегі бірізділік мәселесіне назар аударып, орфографиялық сөздіктерді жаңарту, емле ережелерін жүйелеу және кейбір сөздердің қолданысына қатысты ғылыми ұстаным қалыптастыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды. Филолог ретінде бұл бастамалардың қазақ тілінің тазалығы мен нормаларын жетілдірудегі маңызын қалай бағалайсыз?

— Қазіргі қолданыстағы орфографиялық сөздікте бірқатар маңызды жаңалықтар мен толықтырулар бар. Атап айтқанда, сөздердің бірге және бөлек жазылуы, кейбір кірме сөздердің қазақша баламалары, қосымшалардың жалғануы, бас әріптің қолданылуы, сондай-ақ сөздердің үндестік заңына сәйкес жазылуы бойынша өзгерістер енгізілген. Енді бұл жаңалықтар мен толықтырулар көпшілікке әлі де кеңінен таныстырыла түсуі қажет. Оларды тіл мамандары, журналистер, ісқағаздарын жүргізуші мамандармен қатар, жалпы қоғамның да білуі маңызды.

Қазақ тілінің тазалығы мен жазу нормаларын жетілдіру үшін филолог ғалымдар тарапынан емле ережелері мен орфографиялық сөздікке қатысты айтылып жүрген ұсыныстар мен ғылыми пайымдарды ескерген жөн. Сол себепті  қазақ тілінің тазалығы мен нормаларын жетілдіру үшін филолог мамандар тарапынан емле сөздігіне қатысты айтылып жүрген сындар, ескертулер назарға алынып, жетілдірілген нұсқасы арнайы заңмен бекітілсе дұрыс болар еді.

评论
其他材料