Қазақстанда дәріс берген Өзбекстан ғалымы сотталды

202
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/WbmG0KXkFDm4BbFuidrldt4Gv4cExKzp7fYph8jS.jpg

Қазақстанда Өзбекстан азаматы, Мақсұт Нәрікбаев атындағы университеттің бұрынғы оқытушысы Икболжон Корабоев тыңшылық жасады деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды “Адырна”. 

“Азаттық Азия” басылымның мәліметінше, 46 жастағы ғалымға қатысты сот процесі іс материалдарында құпия ақпараттың болуына байланысты жабық өткен. Оның туыстары үкім туралы ресми органдардан емес, өз дереккөздері арқылы білген.

Икболжон Корабоев 2026 жылғы 3 шілдеде Астанада ұсталған. Ол Мақсұт Нәрікбаев атындағы университетте халықаралық қатынастар пәнінен сабақ берген. Ғалымға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы, яғни «Тыңшылық» бойынша айып тағылған. Аталған бапта 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Туыстарының айтуынша, ғалымның қандай мемлекеттің мүддесіне жұмыс істегені және сотта қандай дәлелдер ұсынылғаны туралы отбасыға ақпарат берілмеген. Сондай-ақ оларға тергеу және сот материалдарымен танысуға, үкімнің көшірмесін алуға мүмкіндік жасалмаған.

Корабоев аймақтық интеграция, геоэкономика және Орталық Азияның стратегиялық маңызы бар минералдық ресурстарын зерттеген. Әріптестерінің сөзінше, ол ғылыми еңбектерінде ашық дереккөздердегі ақпаратты пайдаланған.

Ғалымның отбасы Қазақстанның президентіне, Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және омбудсменге өтініш жолдаған. Олар сот үкіміне апелляциялық шағым түсіріп, істі қайта қарауды, профессордың құқықтары мен беделін қалпына келтіруді талап етіп отыр.

Әзірге Қазақстан мен Өзбекстанның ресми органдары сот үкіміне қатысты түсініктеме берген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін ҚазТАГ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жауабына сілтеме жасап, Қазақстан тарапы Корабоевтің ісі туралы Өзбекстанға ресми түрде хабарлағанын жазған еді.

评论