Көшпенділер ойыны. Ұлытау облысының мерейін асқақтатқандар өңірге оралды

492
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2024/09/photo_2024-09-16_20-18-50.jpg
V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында Ұлытау облысының намысын қорғаған спортшылар бүгін өңірге оралып, Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлының қабылдауында болды. Өңір басшысы «Ұлы дала дүбірінен» оралған азаматтарға алғыс білдіріп, ынталандыру қаражаты сертификатын табыс етті. Атап айтар болсақ, додада ашыртмалы аба гюрешинен күміс жүлдеге ие болған Ғалымов Айдос Қайратұлы Ұлытау облысының құрмет грамотасымен марапатталып, 700 мың теңгелік ақшалай сертификатқа, ал мас-рестлингтен қола жүлдегері Бірімжан Асылмұрат Нұрболатұлы, 500 мың теңгелік ақшалай сертификатқа ие болды. Бұл тұрғыда бапкерлер де марапатсыз қалмады. Ұлытау облысының құрмет грамотасымен Ғалымов Айдостың жеке бапкері Барменов Асыл марапатталып, 350 мың теңгелік ақшалай сертификатқа ие болды. Өңір басшысы Бірімжан Асылмұраттың жеке бапкері Әбдіхамит Асқарға да құрмет грамотасын табыс етіп, 250 мың теңгелік ақшалай сертификатпен ынталандырды. Көшпенділер ойындарына Ұлытау облысынан спортшылар, бапкерлер, керуен мүшелері, өнерпаздар, қолөнершілер, гид мамандары, ұйымдастыру алқасының мүшелері, жалпы саны 150-ге жуық азамат тікелей қатысты. Көшпенділер ойындарында басты қасиетті нышан және негізгі элемент Су болды. Ойындар қарсаңында Қазақстанның барлық өңірінің қасиетті бұлақтарынан ашылу рәсіміне апарылатын су алынды. «Бірлік керуені» жобасы аясында құрамында «Батыр қыз» және 10 елшіден құралған облысымыздың өкілдері Ұлытаудағы Тасбұлақтан су алып, оны этноауылдың ашылу салтанатында «Тайқазанға» құю рәсіміне қатысып, өздеріне жүктелген жауапты істі абыроймен атқарып келді. Сондай-ақ, іс-шара аясында Астанада «Көшпенділер әлемі» этноауылы бой көтеріп, Ұлытау облысы 3 киіз үйін тікті. Онда әрбір келуші қонақтарға қазақ халқының салт-дәстүрлері қойылым ретінде ұсынылып, туристерге облысымыздың тарихи-мәдени орындары таныстырылды. Одан бөлек, біздің киіз үйлердің қонақтарына арнап 80-ге жуық көне жәдігер экспонаттар қойылды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мәдени концерттік бағдарламасы аясында, басты сахнада 100-ге жуық Ұлытау облысының өнерпаздары «Хан ордадан Ақ ордаға сәлем» атты концерттік бағдарламасын жұртшылыққа ұсынып, үлкен қошеметке бөленді. Жерлестеріміз, эстрада жұлдыздары Қыдырәлі Болман, Қарақат Әбілдина секілді өнер майталмандарының да облыс шашбауын көтергенін айта кетуіміз керек.
评论