Үкімет қосылған құн салығын сараланған түрде белгілеуді ұсынды

1405
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/02/img_5793.jpeg

Бүгін, 10 ақпан күні Қаржы министрі Мәди Такиев пен Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин бизнес өкілдерімен салық реформасы шеңберінде қосылған құн салығының сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкімет ұсыныстарын талқылады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Біз мынадай тетікті қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі 16%, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толық босату, ал бірқатар салалар үшін – 10% мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме. Осылайша, Үкімет ұсынып отырған мөлшерлемелерді саралау: 16%, 10%, 0% және босату», – деді ұлттық экономика вице-министрі.

Үкіметтің баспасөз қызметі ҚҚС мөлшерлемесін арттыру және саралау бюджеттің мұнайдан түсетін өзгермелі кірістеріне тәуелділігін азайтуға және мемлекеттік басым жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Қазіргі уақытта аграрлық секторда шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейтіні, ал заңды тұлғалар қолда бар жеңілдіктерге байланысты бюджетке төлеуге тиісті салықтардың тек 30%-ын төлейтіні атап өтілді. Жаңа тетіктер бойынша олардың ешқайсысы ҚҚС төлемейтін болады. Бұл қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік береді. 10% мөлшерлеме қолданылатын салалардың түрлері бизнеспен әлі де талқылануда»,—делінген хабарламада.

Бұған дейін елімізде қосылған құн салығы мөлшерлемесін 20 пайызға дейін көтеру мәселесі талқыланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет ұсынып отырған мөлшерлеменің тым жоғары екенін айтып, мәселені тағы да пысықтауды тапсырды.

评论