Адам баласының дүние жаратылысты тануы өте ұзақ дәуірлерге созылғаны белгілі. Тегінде адамзат жаратылыстың, табиғаттың, болмыстың қыр-сырын түсінемін, соның құпияларын ашамын деп жүріп өздері де сондай құпияларды жасап алғанын сезбей де қалған сияқты. О. Шпенглер айтқандай, «...адам нені еститінін, сезетінін, оның не туралы екенін біліп тұрғанын және оны өзі көріп тұрмаса да кімнің әрекеті екенін сездіретін көзге көрінбейтін қорқыныш» пайда болғаннан бастап, жаратылыстың кез келген дүние болмысынан қауіпті мәндер іздеді, тылысым күштердің сыртқы ықпалын сезінді. Мұның әу басында Ұлы Жаратушы күш, Құдай бейнесі тұрды. Абсалюттік ақиқаттың бастауы деп білді. Дүниенің болмысы туралы белгілі жүйе қалыптастырып, оның рухани кеңістікпен, сыртқы әлеммен шегендеді. Соны өздерінің ой-саналарына орнықтырып, ақылдары жеткенше ақиқаттың астарын түсінуге тырысты, сондай құпия, сиқырлы күштің алдындағы дәрменсіздігін түйсінді және содан жол тауып шығудың саналы жолдарын қарастырды. Сол себепті де көзбен көрген, естіген, сезінген әрбір құбылыстың сыр-сипатына үстемділік берді, соның себеп-салдарын өздерінше паймдауға тырысты. Мысалы, байырғы көшпелілер күннің күркіреуін Тәңірінің қаһары деп ұғып, соған байланысты әртүрлі ырым-тиымдар орнықтырды. Мәні ашыла қоймаған құбылыстарда, тіршілік иелерінде кие бар деп ұғыну мифтік санаға тән еді. Сыртқы ықпалды күштердің ырқына тәуелділік әлдебір тылсымдылықпен ара қатынасын айқындауға мәжбүрлікке әкелді. Сондықтан да, үрей мен қорқыныштық құрсағында қалған дәрменсіз адам құдыреті күштілерден жәрдем тілеуге, соған бағынышты болуға, солардың «тілін» табуға талпынды. Әрбір киелі деп танылған құбылыстар мен заттық ұғымдар адамның тағдырына әсер етеді, араласады деп түсіндірілді.
Сондай түсініктің бір ұшы САНДАРҒА қатысты болды. Мұндай мифопоэтикалық дәстүрлердің күні бүгінге дейін санамызда өмір сүріп, күнделікті ғадетімізде берік орын алғаны тіпті қызық-ақ. Қалай айтқанмен де адам баласының сандық жүйені ойлап шығаруы- ақиқатты іздеу жолындағы ғажайып жетістік болатын. Тарихшылардың айтуынша б.д. д II мыңжылдықта байырғы Вавилонда пайда болған сандық ұғымдар мен оларды таңбалау тәртібі адамның танымдық қасиетінің жаңа көкжиектерін кеңейтті.
Сандық жүйе мәселесі көне грек философиясының, соның ішінде Пифогор мектебінің басты қағидаттарына айналғаны белгілі. Дүниенің негізін таза материалдықтан іздеген көзқарасқа қайшы келген олар дүниенің негізі сандық қатынастарда деп түсіндірді. Қысқасы дүниедегі құбылыстар мен заттардың мәні сандарда жатыр деген күрделі ойларын ортаға салды. Сандық кодтардың мәнін ашу арқылы жаратылыстың сырын ашуға болады деп сендірді. Осылайша дүниедегі заттардың көлемін, мөлшерін, реттік қатарын белгілей отырып, әлемдік түзіліс реттілікке негізделінген біртұтас ырғаққа бағынатынын дәлелдеді және жан мен тәннің ара қатынасындағы жанның мәңгіліктілігі туралы идеяны алғашқылардың бірі болып ұсынды. Бұл ауқымды мәселе әлемдік дін философиясының өзегіне айналды. Бертін келе сандардың құпиясымен арнай айналсатын «нумерология» ғылымы қалыптасты. Пифагор орнықтырған 1-9 сандарының құпияларын былай қойғанда, жек адамның тағдыр талайы туған сағат, күн, ай, жылының сандық өлшемдерімен байланысты екендігі айтыла бастады, немесе сандық жүйеге негізделген жұлдызнамалық (гороскоп) есептеулердегі құпиялардың сырын ашу кең етеке ала бастады. Осы секілді ежелгі көшпелілерде он екі жылдық циклге байланысты «мүшелі жас» туралы ұғым орнықты. Және ол киелі һәм қауіпті деп түсіндірілді. Адамның болашақ өмірін, алдағы іс-әрекетін, мінез-құлқын гороскопқа қарап белгілеу ерте замандарда қалыптасқан екен. Ол бір ұзақ әңгіме. Қалай дегенменде, соның астарында сандық жүйенің құпиясы жатыр.
Сандық қатынастар мәселесі әлемнің барша халықтарына тән бола отырып, әрбір халықтың дүниетанымдық көзқарасына, наным-сеніміне, шарушылық кәсібіне сәйкес локолдық сипаттарға да ие болған. Айталық, 13 саны христиандар үшін бақытсыздықтың белгісі болса, көшпелі халықтар үшін басқаша мәнге ие болған. «Он үштегі отау иесі» деп таныған баба қазақ бірінші мүшелікке 13 жасты таңдаған. Сондай-ақ, Берел қорғанынан табылған археологиялық қазабларда сақ патшасының жанынан 13 жылқының қаңқасы табылған. Соған қарағанда сақтар да 13 санына космонимикалық мағына жүктеген. Адамзат қоғамында сандар діни, тәңірлік және әлемдік символдар ретінде қарастырылып, олардың бойында адам санасы жете қоймайтын құдыретті құпиялар мен сырлар жатқанына, сонымен қатар бұл құдыретті күштердің адамға жақсылық та, жамандық та алып келетініне сенген.*/А.Р/ Ғарыштық құрылымнан(макрокосмос) бастап адамдардың күнделікті тіршілігіне дейінгі(микрокосмос) барлық құбылыстар мен заттық ұғымдар сандардың қасиетіне байланысты анықталған. Сондай-ақ, сандардың тылсым ішкі құпияларының мәнімен қатар оларды таңбалауда да рәміздік-символдық қасиеттер сақталынғаны белгілі болып отыр.
Бір саны немесе «Оның» құдыреті.
Философия дегеніміз - қарапайым тілмен айтқанда әлемнің, дүниенің бірлігі туралы ілім болып шығады. Сондықтан да ол осы бірлік түзіліміндегі ортақ заңдылықтардың мәнін зерттеуді өз мойнына алған. Ежелгі балаң наным-сенім, діни көзқарастар, философиялық ақыл-ойлар, пайымдар болсын, мейілі баршасы жаратылыстың түпкі мәнін, соның бастау көзін, тұтастығын, бірлігін, кез келген құбылыстың бір-бірімен байланыстылығын мойындаған һәм соны сөз еткен. Материалистік танымды айтпағанның өзінде барша ақыл-ой иелері дүниенің түпкі негізін, бастау қайнарын құдыретті күшпен байланыстырып, оның БІРІНШІ иесін танып білуге құлшынған. Сол БІРІНШІНІ білу, тану арқылы жаратылыстың құпияларын, керек болса адам өзінің жаратылыс болмысын ашуға талпынған. Оған бір мысал, философ Декарт былай деген: «Адам- тұтастай шектеулі жаратылыс. Ал сондай шектеулі адам шексіздікті мүлдем түсіне алмайды.» Осындай ақыл-ой данышпандары жазып қалдырған даналық кітаптарды былай қойған да, Пайғамбарлар арқылы уахи етілген кітаптар да сол туралы айтылатыны ақиқат қой. Қасиетті Құранның Зарият сүресінің 56-сүресінде, « Мен жындар мен адам баласын(мені танып), маған ғибадат етсін деп жараттым»-деп анық жеткізілген.
Арифметикалық сандардың тізбегі бойынша бір (1) деген сан сандық жүйенің басында тұр. Бір(1) саны- ең әуелі дүниенің басы дегенді айғақтаса керек. Қазақтың қарапайым түсінігімен айтқанда кез келген нәрсе бір нәрседен басталады ғой. Сол сияқты әрбір құбылыста бір себеп бар. Сол себепті туғызған күш сол БІРІНШІ емес пе екен. Бір(1) саны екіншіден барша дүниенің бірінші көзі. Бір(1) санының пайда болуы арқылы бірлік, ондық, жүздік сандардың жүйесін қалыптастырды, осының негізінде(бір санын айтып отырмыз) қосу, алу, кейіннен көбейту, бөлу амалдарын игерді. Үшіншіден, бір(1) саны жасампаздықтың саны. Осыған қатысты пайымдар қытайдың Даос ілімінде(б.д.д үшінші мың жылдық) орныққан. Онда 1 саны әлемнің, құбылыстың, тіршіліктің бастауын білдіреді деп түсіндірілген. Төртіншіден, 1 саны біріктірушілік қасиетке ие екен. Сондай-ақ, ол шырша ағашына баламаланған. Олай болса, бесіншіден, бір саны мәңгі жасыл өмірдің, көркем тұрпаттың, биіктіктің өлшемі. Даосизмде «рух үйі», «бірлік тынысы» мағынасын білдіретін бір саны басқадай ілімдерде де айырықша сипатқа ие болған.
Бір санынан туындайтын бірінші деген реттік сан есім батыстағы корольдардың, патшалардың аңсарына айналды, олардың мәртебесін асқақатты. Мысалы, Бірінші Карл, немесе Бірінші Петр... Бір қызығы орыс тіліндегі реттік сандарды ауызша айтқанда «один» дегеннің орнына раз-деп бастап два, три-деп әрі қарай кете береді. Мұндағы бірдің орнына қолданылған «раз» сөзі Жаратушының(Божья) мәнін айқындайды. Әлемдік типография тарихының дәстүрінде кітаптың беті 1- номерден басталмайтыны нені меңзейді? Мүмкін осында адам санасына әбден орныққан діни-мистикалық себеп те бар шығар.
Біріншіге ұмтылу адамдар арасындағы бәскелестікті қоздырды, өшпенділікті оятты, жанкештілікті туғызды. Бірінші болу, яғни бір санын иемдену үшінгі тартыс әлі тоқтаған жоқ. Өкінішке орай көбісінің тағдыры қайғылы аяқталып жатты. Американы бірінші болып кім ашты?-деген дүдәмал сұрақтың жауабы әлі айқындалған жоқ. Бүкіләлемдік тартылыс заңын бірінші болып кім ашты?- Ньютон. Ғарышқа кім бірінші ұшты?- Гагарин. Міне осылайша кете береді. Бір (1) саны-алтыншыдан, сапаның озық үлгісі болды. Ал енді 1 санының арифметикалық қасиетіне келсек, бірге бірді қоссаң екі(1+1=2), екіге бірді қоссаң үш(2+1=3), үшке бірді қоссаң төрт( 3+1=4).... осылай кете береді. Және бір өзгермейтін ақиқат: бірді бірге көбейтсең бір( 1x1=1), бірді бірге бөлсең де бір(1:1=1) Кез-келген натурал санды бірге бөлсең өзі шығады, ал өзін өзіне бөлсең бір шығады, яғни бір өзінің жасампаздық мәнін сақтайды, төркінін жоғалтпайды. Тегінде қосу-арттыру, алу-азайту амалдары адам баласының ең алғаш өзі ойлап тапқан және игере алған сандық түзілімнің бастауы болар.
Ал, көбейту, бөлу- Жартаушының құзыретіндегі мүмкіндіктер еді. Шындығында адам ешнәрсені көбейте не бөле алмайды, оны арттырады, немесе азайтады. Көбейту немесе көбею, сол секілді бөлу немесе бөліну- Жаратушының ұлы мұғжизаларының бірі, ол жалпы тіршіліктің жаратылысын, көбеюін білдіреді. Көбеюдің өзі бөлінудің салдары екендігін философтар да мойындаған( О.Шпанглер) Бастапқыдағы бүкіләлемдік жарылыс (астрономияның, физиканың соңғы жетістіктері де қуаттап отырған) ең алғашқы бөліну екені ақиқат. Ол ол ма, жатырдағы эмбриондардың, өсімдік тозаңдарының бөлінуі көбеюге алып келетіні әлдеқашан дәйектелген шындық Қосу, алу-жансыз заттарға пайдаланылса, көбейту, бөлу- жанды тіршіліктің өмір сүру, пайда болу негізі екен. Адам баласы ақыл-ойының арқасында қосудан гөрі көбейтудің, азайтудан гөрі бөлудің өте-мөте тиімді амал екенін біліп. соны арифметикада қолдана бастады. Бұл кейіннен химия, физика, биология, генетика секілді жаратылыстану ғылымдарынада іске асырды. Қасиетті қранда мынадай аят бар: «Бөлінбейтінді бөлмеңдер». Шындығында адамның ақыл-ойы атомды ажыратты, оны бөлді, одан не шықты? Адам баласы басына айықпайтын аса қауіпті қатер төндіріп алды. Түбінде адам өркениетінің жойылып кетуіне осы себеп болмасына кім кепіл. Кезінде АТОМ- №1 болатын. Бір саны -қашанда қуаттың көзі, ол-топтастырушы, біріктіруші күш. Ағылшын физигі Стивен Хокинг «Уақыттың қысқаша тарихы» атты кітабында ғаламның жаратылыс тарихын төрт дәуірге бөледі де оның бірінші дәуірінде уақыт әлі басталмаған шақта болашақ бүкіл ғаламның массасы бір-ақ нүктеге шоғырланған, содан Үлкен Жарылыс болған деген тұжырым айтады.* (Ыбыраев С. Аллаһтың дәлелін өз шынашағымнен көремін. Шапағат-Нұр журанлы 18-б. №11 201ж) Олай болса, әуелгі нүкте - бірлік, тұтастық екен.
Әлемдік мифологиядағы символдың мәнін зерттеген ғалымдар былай дейді: «Нүкте(кіндік, орталық )-бастау, барлық баршылықтың немесе ілкі себептің бастапқы нүктесі. Кіндіктің пішіні мен мөлшері жоқ, сондықтан да ол бөлінбейтін нұрдың, ілкі Бірегейдің мүмкін боларлық кескіні болып табылады. Нүкте-абсалюттің символы. ...Бір санынан басқа барлық сан атаулының сияқты Кіндіктен де оның жариялары(көресіндері) арқылы барша ғалам (заттар, нәрселер, тіршілік) пайда болған.» *(Қондыбай С. Арғықазақ мифологиясы Алматы «Дайк-Пресс» 2004 47-б.) Сол сияқты нүкте, шеңбер-символдарын сандық символдармен ұштастыруға болады екен. «Бұл жағдайда нүкте әрқашан да бір (1) санымен символданады да, шеңбер мен сәуле бірден бастап шексіздікке дейінгі кез келген бүтін санмен символдана береді. Мифтік дәстүрлерде 1:3, 1:7, 1:9, 1:12 сияқты арақатынастар(пропорциялар) қолданылады...»(сонда-47) Осы негізде қарастыратын болсақ, геометриялық нүктемен немесе арифметикалық бір (1) санымен белгіленген символ - дүниенің түпкі негізі, ілкі уақыт, уақыттың басы мен аяғы болып шығады, яғни абсалюттік АҚИҚАТ, біздің танып білуімізге мүмкін емес ЖАРАТУШЫ ҰЛЫ КҮШ.
Қазақтағы «бірлік» сөзінің мағынасы ақыл-санасы, арман-тілегі, мақсат-мүддесі, ой-пиғылы, қам-қаракеті бір бағытқа жұмылдырылған адамдардың, әлеуметтік топтың, һәм халықтың риясыз топтасуын білдірсе керек. «Бірлік түбі-тірлік»-деген қазақ бір санының топтастырушы, біріктіруші күшіне иланған және «Екі аққудың бір басшысы болады» деп соған мойын ұсынған. Киелі сандардың қазақ ұғымындағы қасиетін зерттеген ғалымдар , айталық К. Қ. Рысбаева бір санының «құдай, алла жаратушы ием» сөздерімен тіркесіп келетінін айтады.*(Рысбаева Г. Сан есімдерге байланысты культтік фразеологизмдер. Н.Сауранбаев және қазақ тіл білімі Алматы. 2008.) Әрине оның негізі де жоқ емес. VIII- ғасырдан бастап ислам дінін асыл дініміз деп қабылдаған ата-бабаларымыз қасиетті құрани кәримде тайға таңба басқандай етіп уахи етілген; «(Мұхаммед) сенен бұрынғы барлық пайғамбарларды: «Күдіксіз. Менен басқа құдай жоқ. Маған ғана құлшылық қылыңдар» деген уахимен жібердік»- деген(Әнбия21/25) аяттарды жадына тоқып өскендігі белгілі. Олар Алланы тумаған, туылмаған жаратушы жалғыз(бір) күш деп таныды. Яғни он сегіз мың ғаламның, ғаршының, адамдар мен жындардың жалғыз иесі, бір ғана тірегі ол-Алла деп мойындалды. Сол сияқты байырғы көшпелілер үшін бір санының орнығуына исламға дейінгі кезеңдегі Тәңірлік наным-сенімнің айырықша әсері болды. Олар ең әуелі Тәңірі түсінігін қалыптастырып, Көктегі бір Тәңіріге сыйынғаны белгілі. Осылайша Тәңірінің бірлігі түркілердің дүние танымындағы басты өлшемге айналды. VІІІ-ғасырдағы көне түркі жазбаларында «Ұлы Көк Тәңірі қолдағаны» туралы мәтіндер бар. Х-ғасырдаөмір сүрген араб саяхатшысы Ибн Фадлан «түріктердің қиын-қыстау шақта «Бір Тәңірі» деп, басын көкке қаратып, мінәжат еткендеріне куә болғанын» жазып қалдырсы, ХІІІ ғасырдағы батыс саяхатшылары(Марко Поло, Плано Карпини) Жошы ұлсындағы хандардың (Мөңке) «Бір Тәңіріге табынатындарын» айтады. Олай болса біздің ата-бабаларымыздың дүниедегі «БІР» деген жасампаздықты, оның сипатын, сырын әуеліде Тәңірінің есімімен, оның Ұлы құдыретімен танып білген. Түркілердің байырғы танымы бойынша «Тәңірі» метафизикалық киелі ұғыммен физикалық әлемнің өзара үйлесімділіктің көрінісі. «Жоғарыда Кқк Тіңірі(Аспан) төменде Қара Жер» ұғымы осының дәлелі. Сол секілді Күн, Ай секілді аспан денелері жалқы көрінісі басты себептердің де негізі болды.
Бір саны ең әуелі Алла атауымен тіркесіп, Жаратушы иеміздің даралығынан хабар береді: «Биссимилла сөзді бастайын, бір Аллаға табынып», «бір Алла өзің жар бола гөр», «бір Алладан басқа сенерім жоқ», «бір Алла қолдасын», «бір құдайдың зарын қылу», «Бір құдайдың дидарын сен көрмесең кім көрер»(Бұқар)т.б Жалғыздық, жалқы деген сөздер бір санының мағынасын білдіретіні түсінікті. Жалғыздық, жалғызсырау –жеке тұлғаның белгілі бір себептермен әлеуметтік ортадан қол үзіп, оқшауланған жайынан хабар беретін психикалық күй, томағатұйық ахуал, дәрменсіз хал, Мұндай ситуацияны білдіретін тұрақты тіркестер, әдеби кейіпкерлер, өлең жолдары ауыз екі тілде, фольклорлық мұраларда, ақындардың өлең-жырларында жиі кездеседі:
А) «Жалғыздық бір құдайға ғана жарасқан», «екі жарты бір бүтін болу», «жалғыз шықпа сапарға, өкініште қаларсың», «жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас», «жалғыз адам қорған емес, жалғыз ағаш орман емес», «жалғыздың жары құдай», «жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас», «атадан қалған қу жалғыз», «жалғызға ой үйірсек» т.б
Б) қазақ ертегілерінің дені «Ертеде бір бай болыпты, оның бір ұлы бір қызы немесе бірбаласы болыпты немесе баяғы заманда бір ханның жалғыз баласы болыпты...»-деп басталатыны қалыпты сюжеттік экспозиция. Эпостық жырларымыздың да басты қаһармандары біреудің жалғызы, жалқысы. Мысалы: Алпамыс, Қобыланды, Құбығұл, Ер Кеңес, Бозмұнай, Қыз жібек, Ақжүніс, Баян сұлу т.б Бір құдайдың назары түскедіктен бұларды періштелер, әулие-әмбиелердің өзі қолдап жүреді.
В) «Исатайдан айырылып, // жалғыздықпен болдым дос.» (Махамбет) «Моласындай бақсының//жалғыз қалдым тап шыным.» «Дүниеде жалғыз қалған адам-адамның өлгені. Қапашылықтың бәрі соның басында. Дүниеде бар жаман да көпте, бірақ қызық та, ермек текөпте. Бастапқыға кім шыдайды? Соңғыға кім азбайды?»(Абай) «Екінің бірі болсам арманым не// мен қалған бір атаның жалғызы едім.»(Мәди), «Жарығым-ай, деушіеді ғой жалғыздың жары құдай»(Мұқағали)
Қазіргі қазақ тіліндегі бір-бірінші деген сан есімдер тұңғыш, алғашқы, бас, үлкен, ең секілді сын есімдердің, күшейткіш үстеудің мағынасын бере алады. Атамыз қазақ бірінші баланы, яғни үлкен баланы «тұңғыш» деп атап, «төлімнің басы, суымның тұнығы» деп әлпештеген, еншісін де ерекшелеп берген. Абай Құнанбайұлын қазақтың бірінші ақыны демей, бас ақыны деп таниды. Адамның ең дангөйін данышпан, ең мықты палуанын «түйе палуан», жылқының ең жүйрігін тұлпар, бүркіттің ең алғырын қыран, иттің ең шапшаңын тазы деп атағаны тәрізді. Өзге халықтар сияқты «бірінші болу» қазақ үшін де қадірлі. Қазақ алғашқыға, бір сөзбен айтқанда біріншіге ерекше мән берген. Бірінші рет...
- Ай жаңасын көргенде «Ай көрдім, аман көрдім» деп сәлем берсе, келіннің алғашқы босаға көруін табалдырық аттады деп отқа май қүйып тәу еткізген.
- болашақ келінді бірінші көруге келгенде шымылдығына үкі қадаған, көрімдік сұраған.
- саятшылықұа шығуды «қансонар» деп атап, қанжығасы майланып қайтқан құсбегі олжасын басқаға байлаған, құсқа ұстаған жемінен тоят қылдырған.
- ер балаға құлын немесе тай тарту етіп, оны «бәсіре» деп атаған. Жас баланы ашамайға отырғызып, шашу шашып, ауыл-үйді аралатқан.
- ел жайлауға қонған соң алғаш рет бие байлағанды «қымызмұрындық» деп атап, көрші-қолаңды шақырған.
- жақсы хабарға сүйінші, жаңа киім, жақсы затқа көрімдік сұраған һәм оны тартынбай берген.