Шерзат Полаттың ісі бойынша жәбірленуші тараптың өкілі, адвокат Мейірман Шекеев сот отырысынан шыққаннан кейін көлігіне қатысты күдікті жағдай орын алғанын хабарлады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Адвокаттың айтуынша, оның көлігінің екі болты әдейі бұрап алынған болуы мүмкін. Шекеев бұл әрекетті қастандық деп бағалап отыр.
"Сот отырысынан шықтық. Мына жағдайға назар аударыңыздар. Бұл бізге қарсы жасалған қастандық па, әлде жай ғана кездейсоқтық па – оны бір Алла біледі. Екі болтты шешіп алыпты. Бұл – жолда келе жатқанда өте қауіпті жағдай," – деді ол.
Бұл мәлімдеме қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде кеңінен талқылануда. Құқық қорғау органдары оқиғаға қатысты пікір білдірмеген.
Адвокаттың айтуынша, бұл оқиға оның кәсіби қызметімен байланысты болуы мүмкін деген күдік бар.
Оқиғаның нақты мән-жайы алдағы уақытта анықталмақ.