Санкт-Петербургтегі «АЭМ-Спецсталь» зауытының мамандары, «Росатом» мемлекеттік корпорациясының Машинажасау дивизионына қарасты кәсіпорын, Өзбекстанда салынатын шағын қуатты атом электр станциясына (ШҚАЭС) арналған РИТМ-200Н реактор қондырғысын жасауды бастады. Бұл туралы ресейлік корпорацияның баспасөз хабарламасында айтылды, деп хабарлайды “Адырна”.
Атап өтілгендей, металлургтер реактор қондырғысының корпусы мен оның жоғарғы қақпағын жалғайтын фланец элементін жасау үшін 205 тонна салмақ болатын арнайы легирленген болаттан құйма дайындады.
«Росатом» мәліметінше, жабдықтың алғашқы элементінің жасалуы Power Uzbekistan-2025 халықаралық көрмесінде таныстырылды. Бұл көрмеге энергетика саласының сарапшылары мен салалық министрліктер мен ведомстволардың басшылары қатысты.
Корпорацияның баспасөз қызметі болатты құю үдерісін ядролық реактор жасаудың нақты бастамасы деп сипаттады. Барлық технологиялық кезеңдер аяқталғаннан кейін бұл дайындама реактор корпусының біртұтас құрылымын жинау үшін дивизионның басқа кәсіпорындарына жіберіледі.
«Машинажасау дивизионының кәсіпорындары РИТМ сериялы реактор қондырғыларын жасау тәжірибесіне және қажетті өндірістік қуатқа ие. Бұл реакторлар бірнеше жылдан бері мұзжарғыш флотта сәтті қолданылып келеді. Өзбекстандағы ШҚАЭС үшін дайындалатын РИТМ-200Н сериялы алты реакторлық қондырғыны жасау барысында біз осы біліміміз бен құзыреттерімізді толық пайдаланамыз», — деді «Росатом» Машинажасау дивизионының басшысы Игорь Котов.
Айта кетсек, Өзбекстан мен Ресей арасындағы атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге 2017 жылғы желтоқсанда қол қойылған болатын. Онда Өзбекстандағы алғашқы АЭС-тің құрылысы қарастырылған. Жоспар бойынша, құны $11 млрд болатын алғашқы энергетикалық блок 2028 жылы іске қосылуы тиіс.
2024 жылғы 27 мамырда Ресей президенті Владимир Путиннің Ташкентке жасаған мемлекеттік сапары аясында «Росатоммен» ШҚАЭС жобалау, жабдықтау және құрылыс жұмыстарына қатысты жаңа келісімшартқа қол қойылды.
Өзбекстанда салынып жатқан шағын АЭС негізінде РИТМ-200Н су-сумен салқындатылатын ядролық реакторы жатыр. Бұл реакторлар бұрын атомдық мұзжарғыштарда пайдаланылып, теңіз жағдайында сенімділігін дәлелдеген. Алайда дәл осы типтегі жерүсті станция әлі салынбағандықтан, ол толыққанды референтті жоба болып саналмайды.
“Өзбекстан бұл технология үшін тәжірибе алаңына айналмай ма” деген сұраққа «Узатома» агенттігінің басшысы Азим Ахмедхаджаев: «Ондай қауіп жоқ, себебі бұл технологиялар жерүсті пайдалануға бейімделген, ал жұмыс істеу принципі өзгермейді», — деп жауап берді.