Ғасырға жуық уақыт сезімтал өнер түрін ең талғампаз көрермен назарына ұсынып келе жатқан Алматы қаласындағы Мемлекеттік қуыршақ театры үшін биыл мерейлі жыл. Мемлекеттік қуыршақ театрына 85 жыл! Жаңа маусым шымылдығы түрілгелі жаңашыл дүниелермен көрерменін қуантып келе жатқан ұжым ересектерге арналған спектакльдер де сахналап, соңғы уақыта қуыршақ театры өнерінің көкжиегін кеңейтті. Мерейлі маусымда жарыққа шыққан «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» (реж.: А.Зайцев) қойылымы да бұрын-соңды қазақ қуыршақ театры арқаламаған жүкті көтерді. Ақын өмірі мен өнеріне мұншалықты жоғары деңгейде баға берілмегендігін театртанушылар мен театр майталмандары ерекше атап өткен болатын.
Өнерді өркендету жолында үздіксіз еңбек етіп келе жатқан киелі қара шаңырақтың бүгінгі шығармашылық тынысы, алдағы іс-шаралар жоспарларын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында ағымдағы жылдың наурыз айының 1-ші жұлдызында БАҚ өкілдеріне арнап БАСПАСӨЗ ТУРЫН өткізді. Республикамыздағы тұңғыш қуыршақ театры көктемнің алғашқы күні АЛҒЫС АЙТУ мерекесіне орай ақпарат саласының журналистері, белсенді блогерлер мен портал, радио тілшілерінің басын қосты. Театрдың әрбір айтулы іс-шаралары мен халықаралық фестивальдердегі елеулі еңбектеріне ақпараттық қолдау көрсетіп, көрермендерімізге кеңінен насихаттап жүрген әріптестерімізге алғыс айта отырып, жексенбілік мәдени демалыс ұйымдастырылды.


Бейбіт ӘЛКЕЕВА
"Адырна" ұлттық порталы