Ғалым Аманқос Мектеп-тегінің «Жігіт» сөзінің түп-төркіні» атты зерттеу мақаласы тіліміздегі этномәдени сөздің шығу тегі хақындағы алуан түрлі болжамдар мен тұспалдарға түзету жасап, ғылыми дәйек, бұлтартпайтын уәжбен дәлелдеген. Атақ-дәрежесі жер жарған оқымыстылардың айтқаны болған, әмірі жүрген кеңестік дәуірдегі әдістемелік ғылыми үдеріс тіліміздегі байырғы атауларды қайткенде де өзге мәдениеттің ықпалынан тудыруға негіз болатын пікір қалыптастырды. Дәл осы үрдіс бойынша төлтума «жігіт» атауының этимологиясына байланысты да сан-саққа жүгірткен қисындар беделді лексикографикалық еңбектерде орын алып келді. «Соқыр көргенінен жазбайды» дегендей, «дуалы ауыздардың» тұжырымы кітәптан кітәпқа көшіп, қоғамдық санаға жауындай сіңді. Осы ретте бұл мақаладағы жаңалықтың ғылыми мәні ерекше зор. Өйткені ғалымның ежелгі руникалық мұраны түпнұсқадан зерделеуі «жігіт» сөзінің сыр-сипатын айқындап, қалыптасқан қағиданы бұзды деген ойдамыз. Ғылыми мақала болғандықтан автор стилін қаз-қалпында сақтағанды жөн санадық. [Редакция атынан].
«Жігітті шешенсіген дауда сына,
Мақтаған қыран құсты ауда сына.
Қарын тоқта әркім-ақ үйде батыр,
Жігітті батырсынған жауда сына».
Ақансері Қорамсаұлы
Қазақ тіл білімі ғылымында ең кенже дамыған сала – сөздің түп-төркінін зерделеу, яки этимологиялық талдау жасау. Жалпы, төрүк тілдерінің лексикалық қорындағы сөздерді төркіндеткен зерттеулер аз емес. Алайда төрүктің ұлыттық болмыс табиғатына тән сыр-сипатын дәл ашатын, ғылыми мән-маңызын танытатын сапалық деңгейі мәз емес. Өйткені төрүктану ғылымына елеулі де өлшеусіз үлес қосқан өзге ұлыттың өкілдері жеткілікті бола тұра, олардың жат этникалық тілдің табиғи байлығын қамтитын сөздік қорының қыр-сырын терең де, толық төркінін таратып, талдап беруі екіталай. Ол түгіл қаны-жаны төрүктекті қазақ, этимология саласымен шұғылданатын қаншама лингвист-ғалым бола тұра, «жігіт» сөзінің түп-төркінін бүгінгі таңға дейін тапқан жоқ.
«Жігіт» сөзінің таралған географиялық ареал аймағы саяси картада өте кең аумақты қамтиды. Аталған атаудың шығу тегін зерттеген еңбектер де аз емес. Алайда қилы-қилы ғылыми болжамдар мен топшылаулар этномәдени атаудың нақты табиғатын әлі ашқан жоқ.
Қырғыз ғалымы К.Сейдакматов: «Қырғызша жігіт сөзі ержеткен ұландарға қарата айтылады. Байырғы төрүкше йетик сөзіндегі — т және — к дыбыстары орын ауыстырып йетик > йекит метатезаланған. Жігіт болғанда адам балалық дәуірді өткеріп, жетіледі. Есейіп қалған ұлдарға қарата «жігіт болып қалыпты» деп айтатынымыз бекер емес, жігіт сөзінің өзі «жет+ик» морфемаларынан құралған. Ержеткен, бойжеткен кез баланың жетілгені болады…» (К.Сейдакматов. Кыргыз тилинин кыскача этимологиялык сөздүгү. «Илим» баспасы, Фрунзе, 1988. 95-бет), – деген тұжырым жасайды.
Қазақ даласын ертеден шарлап, зерттеу жұмысымен шұғылданған орыс ориенталист ғалымдары, жиһанкездерінің жазып қалдырған еңбектеріне сүйене отырып, КСРО Ғылым Академиясының Тіл білімі институты Э.В.Севортянның басшылығымен, кейінгі томдарына Л.С.Ливитскаяның жауапты редакторлығымен жарық көрген «Төрүк тілдерінің этимологиялық сөздігінде» «ЙИҒИТ» атауының тас бітігтен бастап күллі төрүк мұраларында және тілдерінде тұтыну пішінін, мағыналық білдіретін реңктерін тізіп шығып, сол бойынша бастапқы семасын табуға ізденіс жүргізген. Сөйтіп төрүк тілдерінің қолданысында «Йиғит» сөзі төрт түрлі мағына үстейтіндігін айқындаған:
- Ержеткен, ұлан, жасөспірім, өрімдей жас;
- Азамат;
- Батыл, шабандоз, ерен, ер;
- Жауынгер, солдат, батыл.
Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ,
Шет тілдер және іскерлік карьерасы
университетінің доценті,
филология ғылымдарының кандидаты
"Қазақ әдебиеті" газеті.
Мақала автордың рұқсатымен басылымға сілтеме жасап алынды