Еліміздегі білім беру жүйесін құптамайтын ата-ана көп. Сол себептен де білімге жоғары талап қоятын жандар балаларын қалтасы қағылса да, бірі халықаралық мектептерде, енді бірі, тіпті, шет ел асырып оқытуда. Ал бүгінгі күннің «қаһарманы» Илон МАСКТІҢ америкалық білім беру жүйесіне, жалпы әбден қалыптасып қалған дәстүрлі оқытуға көңілі толмайды. Ол келешекте мектеп ашып, білім жүйесіндегі әбден ескірген қағидаларды жойғысы келеді.
Илон Маск өзінің мектептегі жылдарын есіне алғанда аса қуанбайды: ғарышты жаулаған жан кезінде өзіне қызық емес пәндерді оқытқаны үшін қынжылады, сондай-ақ ол үшін көп оқушының жақсы оқуына әсер ететін бағаның да еш маңызы болмаған. Өзінің бес баласы бұндай «қиындықтан» аулақ болуы үшін өнертапқыш Ad Astra (Жұлдызға жол) атты арнайы мектеп ашқан. Бұл жоба жайлы көп ақпарат жоқ, өте құпия және онда тек SpaceX қызметкерлерінің дарынды балалары ғана білім алады. Бір ғана белгілі нәрсе – ол мектеп дәстүрлі білім жүйесіне еш бағынбайды. Бұл мектептің ерекшелігін Илонның дәстүрлі білім беру жүйесіне қатысты пікірлерінен топшылауға болады.
- Бағалау жүйесі тиімсіз
- Оқушының мақсаты – жоғары білім болмауы керек
- Тестер, абстрактілі тапсырмалар мен теңдеулердің тәжірибе болмаса, пайдасы жоқ
- Балаларға этика мен моральды терең зерттеу қажет
- Сыныптарға бөлу тиімсіз
- Физиканы құрғақ теориямен емес, іс жүзінде зерттеу керек
- Міндетті бағдарлама балаларды мектептен жеріндіреді
Фото ашық дереккөзден алынды
Дайындаған Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ
«Адырна» ұлттық порталы