АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери соққы беру жоспарын мақұлдаған. Алайда оның орындалуын кейінге қалдырылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ВВС-ге сілтеп.
Алғашқы болып бұл ақпаратты Wall Street Journal газеті таратқан. Кейін оны CNN және CBS секілді өзге де америкалық БАҚ растады.
Журналистер АҚШ президенті Трампқа Ирандағы ядролық нысандарға соққы беру мүмкіндігі жөніндегі сұрақ қойған.
«Мүмкін, мен оны орындаймын, мүмкін – жоқ», – деп қысқа қайырған президент.
Әлемдік БАҚ-та АҚШ-тың Ирандағы Фордо ядролық зауытына әуеден соққы беру ықтималдығы қызу талқылануда.
Сарапшылардың пікірінше, ондағы туннельдер мен залдар қалың тау жыныстарының астында орналасқан. Сондықтан тек АҚШ-тың иелігіндегі 13,6 тонна салмаққа ие жоғары дәлдіктегі бомбалар ғана оны бұза алады. Ал Израильде мұндай қару жоқ екені айтылды.
АҚШ билігі Иранның ядролық бағдарламасынан бас тартуын күтуде. Шабуыл жоспарының нақты қашан орындалатыны әлі белгісіз.