Астанада жолаушылар автобусы жеңіл автокөлікке жол бермей, апатқа ұшырады. Әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген видео тарап жатыр, деп хабарлайды "Адырна".
Қалалық полиция департаментінің ақпаратынша, жол апаты кеше, 3 шілде күні болған.
«Қосшығұлұлы көшесімен келе жатқан автобустың жүргізушісі Серкебаев көшесімен қиылыста маневрді аяқтаған Ford автокөлігіне жол бермей, онымен соқтығысқан. Салдарынан автобустың үш жолаушысы ауруханаға жеткізілді», - деп мәлімдеді полиция.
Осы факті бойынша тексеріс жүріп жатыр.
Естеріңізге салайық, Астанада 2 маусым күні жолаушылар автобусы Республика даңғылымен келе жатып, жол жиегіндегі бағанға соғылған. Жол апаты салдарынан 15 адам ауруханаға түскен, оның ішінде алтауы – бала. Ауыр жарақат алған сегіз жасар қыз бала екі бірдей аяғынан айырылды.