Астанада күн ыстық! Шілде айы солай болуы керек. Ал қалың ел құлақ түріп елеңдеген саясат әлемінде салқынқанды тыныштық. Биліктің мазасын алып, үкіметтің құтын қаштырады деген “халық қалаулылары” қыркүйектің басына дейін жазғы демалысқа шығып кетті.
Қызық, мұхиттың арғы жағындағы алпауыт мемлекет АҚШ-та жыл он екі ай бойына билік басындағы саяси күрестер тоқтаусыз жүріп жатады. Ал біздің елге қарасаңыз “шықпа жаным шықпа” деген уақыт өткізіп амалдаудың, алдарқатудың қамы.
Жаз шыға күзге дейін демалыс жариялап тастайды. Қыркүйек келгенде ендігі барлық күрделі өзгеріс жыл соңында болады деп үміттендіріп қояды. Милади жаңа жылды тойлаған халық қаңтардың ортасына дейін өздерімен өзі болып кетеді.
Енді естерін жиды-ау деген кезде саяси әбден машықтанған әдіскерлер көрісу-наурыз кезінде билік басында ғажайып түбегейлі өзгерістер болмақшы деп және бір ұран тастайды. Саяси сарапшылар, білгірлер, ділмарлар, көріпкелдер, бал ашып, құмалақ салушылар, билікке байлаулы білімпаз блогерлер, қоғамдық ұйымның билікке мүдделі жағымпаздары, барлығы да қосылып бұл саяси болжамдарды қоштап-қолпаштай кетіседі. Міне, осылайша әз-Наурыз мейрамы да жетіп келеді.
Аздап тыныштаған соң “саяси төңкеріс мерзімі” байқатпастан мамыр-маусымға еппен ысырыла қойылады. Жаһандық дүрбелең оқиғалар, ел ішіндегі жан түршігерлік жайттар, қолдан жасалған алаңдатпа саяси қыжыртпалар билік басындағы шағын топты онан сайын қуаттандырып, жігерлендіріп, өз жеткен деңгейлерімен онан әрмен ел билігін үстей түсуге жел бергендей болады. Алайда, желдің аты жел! Желбуаздық жақсы ахуал емес! Астананың аңызақ желі үнемі ұйытқыта соғып тұратыны да сондықтан шығар-ау?! Тымырсық ыстықта ондаған жылдар бойы тұмшаланған қауым Сарыарқаның аңызақ самалын аңсайды!
Аңсаумен өткен беймаза ғұмыр-ау десеңізші?! Жаз-күз-қыс-көктем, тағы да жаз, тағы да жаз, тағы да жаз! Жаздан жалыққан кім бар?!