Қазақстанда Ұлттық қорғаныс университетінен “Елбасы” атауы алынып тасталмақ, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің атауы өзгермек.
Жаңа атау бойынша, университет енді тек «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті» деп аталатын болады. Бұл туралы өзгеріс жобасы Ашық нормативтік құқықтық актілер (НҚА) порталында жарияланды.
Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі дайындап отырған «Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ерекше мәртебесі туралы ережені бекіту туралы» Үкімет қаулысына енгізілетін өзгерістер аясында ұсынылған.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің атауын Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті деп өзгерістер енгізу көзделген»- делінген құжатта.
Құжат жобасы қоғам талқылауына ұсынылды. Талқылау мерзімі 2025 жылғы 18 шілдеге дейін жалғасады.
Бұл бастама алғаш рет 2023 жылы көтеріле бастаған. Сол кезде бірқатар депутаттар қорғаныс саласындағы басты әскери оқу орнының атауын қайта қарауды ұсынған болатын. Олар өз ұсынысында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы туралы» конституциялық заңның күшін жоюды негіз ретінде келтірген.
2023 жылдың ақпан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экс-президентті «Елбасы» мәртебесінен айыру туралы заңға қол қойды. Бұған дейін Назарбаев «Құрметті сенатор» мәртебесінен де айырылған болатын.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті – Қарулы күштер мен басқа да арнайы мемлекеттік органдар үшін жоғары буындағы офицер мамандарды даярлайтын басты әскери жоғары оқу орны.
Университет 2003 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен ашылған.
2018 жылы университетке Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген болатын.
2024 жылғы қаңтарда аталған университет аумағындағы 2020 жылы орнатылған Назарбаев ескерткіші алынып, қайта қойылмаған.