Гүлнәр Кәрімова ісі. БҰҰ мен Өзбекстан үкіметі арасында қайшылық туындады

1221
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/3yubbd8DYYtkTUfIVegJzrnqCuqb4DwMw7FynhZB.jpg

БҰҰ мен Өзбекстан арасында қайшылық туындады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ферғанаға сілтеп.

Бірнеше ай бұрын БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Еркінен тыс ұстаулар жөніндегі жұмыс тобы Гүлнәр Кәрімованың қамауға алынуын заңсыз деп танып, бұл әрекеттердің халықаралық адам құқықтары стандарттарына сай келмейтінін мәлімдеді. Гүлнәр Кәрімова — Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Кәрімовтың қызы.

БҰҰ мәлімдемесінде Кәрімованың құқығы өрескел бұзылғаны айтылды.

2014 жылы ол ресми ордерсіз тұтқындалып, 18 айдан астам уақыт үйқамақта оқшауланған күйде ұстаған. Ағашқы адвокатпен кездесуі екі жарым жылдан кейін ғана жүзеге асқан. Ал алғашқы сот тыңдауы оның үйінің асханасында өтіп, қорғау құқығы толық сақталмаған.

БҰҰ мәлімдемесінше, оған тағылған айыптармен танысуға мүмкіндік берілмеген, ал адвокаттар қысымға ұшырап, құпиялық келісімдерге қол қоюға мәжбүр болған. Кәрімова бірнеше рет үйқамақ пен тергеу изоляторы арасында ауыстырылып, бұл шешімдерге шағымдану құқығынан айырылғаны айтылды.

Жұмыс тобы бұл әрекеттерді БҰҰ бірқатар баптарға қайшы деп таныды. Олар Өзбекстан үкіметін заңсыздықтарды жоюға, Кәрімоваға өтемақы төлеуге және оның қамауға алыну жағдайларын тәуелсіз тергеп-тексеруге шақырды.

Алайда Өзбекстан үкіметі бұл қорытындымен келіспейтінін мәлімдеді. Ресми Ташкент БҰҰ жұмыс тобының шешімі тек біржақты ақпаратқа сүйеніп қабылданғанын айтып, өз ұстанымы уақытында жіберілгенімен, рәсімдік себептермен ескерілмегенін айтты.

Өзбекстанның айтуынша, барлық қылмыстық істер ұлттық және халықаралық заңнама аясында жүргізілген. Кәрімова адвокаттарға қол жеткізген, шешімдерге шағымдануға құқығы болған, сот процестері әділ өткен.

Өзбекстан іс саяси астардан ада, ал үкімдер нақты дәлелдерге негізделгенін айтты.

Билік Кәрімованы салықтан жалтару, мемлекет қаржысын жымқыру, алаяқтық және заңсыз байлықты заңдастыру сияқты ауыр қылмыстар жасағаны үшін айыптағанын еске салды. Сонымен қатар, 2022 жылы Швейцариямен келісім негізінде оның заңсыз жолмен алынған активтері арқылы құрылған Vision 2030 қоры — БҰҰ арқылы елдегі реформалар мен тұрақты даму мақсаттарын қолдауға бағытталғанын атап өтті.

Қазіргі таңда Гүлнәр Карімова Ташкент маңындағы колонияда жазасын өтеп жатыр. Өзбек үкіметі БҰҰ құрылымдарымен диалогқа ашық екенін білдіріп, ұлттық беделін қорғау және шынайы ақпаратты халықаралық қауымдастыққа жеткізу құқығын сақтап қалатынын мәлімдеді.

Comments