Қажылықтан бас тартқан 93-тегі қарияға ҚМДБ қайтадан жолдама сыйлады

1096
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/lD6WRbsgCnmZOC0xychMYpEI2Og1mt6NjdWjm8oQ.webp

ҚМДБ қажылықтан бас тартқан 94 жастағы Павлодар тұрғыны, тыл ардагеріне қажылыққа жолдама берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Сағадат Жұмабаев өмір бойы қажылыққа бару үшін жинаған қаражатын сырқат бала тәрбиелеп отырған аналарға таратып бергені үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) арнайы жолдамасына ие болды. 

Ақсақал 13 жылдан бері Павлодардағы қарттар үйінде тұрады. Ол 3,6 миллион теңгені 30 анаға бөліп, әрқайсысына 120 мың теңгеден көмек көрсеткен.  Мекке сапарына жолдаманы Сағадат атаға Павлодар облысының бас имамы Жолдас Қоспақұлы арнайы табыстады.

Сағадат Жұмабаев қажылыққа баруға көп жыл дайындалып, 2022 жылы шетелге шығу үшін төлқұжат та алған.

Алайда сол жылы енгізілген 65 жас шектеуіне байланысты қажылыққа бара алмай қалған. Кейін денсаулығы нашарлап, ұзақ сапардан өз еркімен бас тартуға мәжбүр болған. 

«Ана жаққа бару үшін жанымда серік болу керек деді. Жасым да келіп қалды, денсаулығым да сыр бере бастады. Содан кейін бұл ақшаны шын мұқтаж жандарға беруді жөн санадым», – дейді ақсақал.

Жұбайымен ұзақ жыл отасқанымен, балалары болмаған. Қазір ол қарттар үйінде жалғыз өзі тұрады. Сағадат ата Жеңістің 80 жылдығына байланысты тыл ардагерлеріне біржолғы төлем ала алмағанына қынжылды.

 «Біз де Жеңіске үлес қостық. Мемлекеттің қамқорлығындамыз деп бізді елемеу дұрыс емес», – деді ол.

Айта кетейік, еңбек жолын шөп шабушыдан бастап, қойма меңгерушісі мен зауыт шеберіне дейін түрлі қызмет атқарған Сағадат Жұмабаев 1988 жылы зейнетке шыққан.

Comments