АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елші лауазымына Джули Стафттың кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Ақ үйдің ресми сайтында хабарланды.
Қазіргі таңда Стафттың кандидатурасы Сенат қарауына жіберілді.
Джули Стафт – дипломат, АҚШ Мемлекеттік департаментінің жоғары лауазымды қызметкері. Ол бұған дейін Визалық істер жөніндегі басқарушы директор болып жұмыс істеген. Стафт дипломатиялық қызмет барысында Ресей, Польша, Эфиопия, Молдова және Джибути елдеріндегі елшіліктерде, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде жұмыс істеген.
Молдовадағы қызметі кезінде ол әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылықпен күресуге белсенді атсалысқан. Джули Стафт — MIT халықаралық зерттеулер орталығының Seminar XXI бағдарламасының түлегі және Халықаралық әйелдер форумының стипендиаты.
Сонымен қатар ол Мемлекеттік департаменттің жеті мәрте Құрмет грамотасына және АҚШ Сыртқы қызметкерлер қауымдастығының арнайы марапатына ие болған.
Огайо штатында дүниеге келген Стафт Кейс Вестерн Резерв университеті мен Дьюк университетін тәмамдаған. Ол орыс, румын, француз және поляк тілдерін еркін меңгерген.
Айта кетейік, АҚШ-тың Қазақстандағы алдыңғы елшісі Дэниел Розенблюм 2024 жылдың желтоқсанында зейнеткерлікке шығуына байланысты қызметінен кеткен болатын.