Самбодан әлемнің екі дүркін жүлдегері Айсара Керімбекова 20 жылдан бері аула сыпырып жүр. Спортшының қазіргі жай-күйін белгілі журналист Нұрсейіт Жылқышыбай Instagram желісіндегі парақшасында көрсетті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Бұл — масқара! Бұл — ұлттық намысқа сын! Министрлер мінберден түспей жатыр, ардагер спортшы ауладан шықпай жүр. Қайдасың, Спорт және туризм министрі? Тірі аңызға тірісінде құрмет көрсету парыз емес пе? Батырды бағаламаған елден қандай ұрпақ шығады? Ұят емес пе, ағайын?»—деді ол.
Журналистің жазбасына қазнет қолданушылары түрлі пікір қалдырды.
«Ауыр жағдай», «Тірі аңыз аула сыпырушы болып жүр», «Билік не қарап отыр?»—деді олар.
Айта кетейік, Айсара Керімбекова 1965 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Ол самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдодан спорт шебері, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, қазақ қыздарының арасында Әлем кубогын иеленген спортшы. 1992 жылы еліміздің таңдаулы он спортшысы қатарына енген.