2025 жылдың 9 шілдесінде табиғаты тамаша Бурабайда шетелде тұратын этникалық қазақ балаларына арналған «Jas Qazaq» жазғы танымдық этно-лагерінің ресми ашылу салтанаты өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» ұйымдастырды.
Лагерь IQanat High School of Burabay базасында өтіп жатыр. Бұл — тек демалыс емес, тарихи Отанына алғаш рет келген балалар үшін ерекше рухани тәжірибе.
Лагерьге АҚШ, Түркия, Польша, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Ресей, Қырғызстан, БАӘ секілді 10-нан астам елден келген 130-ға жуық этникалық қазақ баласы қатысып отыр. Олар — түрлі білім және шығармашылық байқауларда үздік танылған дарынды жастар.
«Jas Qazaq» лагері биыл бесінші рет өткізіліп отыр. Бұған дейінгі маусымдарда 700-ден астам шетелдегі қазақ балалары қатысқан. Кейбірі кейін Атажұртына көшіп келіп, еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуды таңдаған.
Таным мен тәрбие қатар жүретін бағдарлама
7–20 шілде аралығында өтетін лагерьдің бағдарламасы мазмұнды әрі тәрбиелік мәнге толы. Лагерь қатысушылары қазақ тілі мен Қазақстан тарихы сабақтарына қатысады; киіз үй құру, атқа міну, ұлттық ойындар, домбыра тарту сынды дәстүрлі тәжірибелерді меңгереді; ЖОО-лар ұйымдастырған білім көрмесіне қатысып, болашақ білім жолын жоспарлауға мүмкіндік алады; Түрлі елдерден келген замандастарымен тіл табысып, достық орнатады.
Лагерь қатысушыларының жүзінен қуаныш, сөзінен шынайы толқыныс байқалады. Бірнеше бала өз әсерімен бөлісті:
Баймұрат Ілияс, Түркия:
«Лагерьде ішің пыспайды. Күні бойы түрлі іс-шара өтеді. Қазақ тілі мен тарихын үйреніп, тілімді дамытып жатырмын».
Қалыбекова Мақбира, Өзбекстан:
«Қазақстанның табиғаты өте әдемі. Осында тұру – менің арманым».
Нұрбану Серік, Польша:
«Мектеп өте таза әрі заманауи. Мұндағы балалармен тез тіл табысып кеттім. Қазақстан тарихы сабағы қызықты өтті. Алдағы екі аптада өмірлік достар тауып, ұмытылмас естеліктер жинағым келеді».
Абдукасимова Ұлбану, Өзбекстан:
«Польшадан, Моңғолиядан келген достарыммен қызықты ойындар ойнаймыз. Күніміз өте қызықты өтуде. Бұл жерде жүрген маған қатты ұнайды».
«Jas Qazaq» лагері – тек танымдық жоба ғана емес, ұлттық болмыс пен тілге деген сүйіспеншілікті оятатын платформа. Бұл – шетелде туып-өскен қазақ балаларының өз тамырын тереңірек тануына берілген үлкен мүмкіндік.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылардың көбі Атажұртымен байланысын үзбей, болашағын Қазақстанмен байланыстыруға қызығушылық танытады. Жобаның басты мақсаты – қазақ баласының бойындағы ұлттық сана мен рухты сақтау.