Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шараа газ жеткізу мәселесінде келісімге келді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
12 шілдеде өткен кездесу барысында тараптар энергетика саласындағы ынтымақтастықты талқылады.
Қазіргі кезде Сирия бұл салада елеулі қиындықтарға тап болып отыр.
«Осы тұрғыда жақын арада Әзербайжан газын Түркия аумағы арқылы Сирияға экспорттау жобасы жүзеге асырылатыны атап өтілді. Бұл Сирияның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосады», – делінген хабарламада.
Ильхам Әлиев Сириядағы бұрынғы билік жылдар бойы Әзербайжанға қарсы достықсыз саясат жүргізіп келгенін, сол себепті екіжақты қатынастарда тоқырау болғанын айтты. Оның сөзінше, Сирияда жаңа билік орнаған соң екі ел арасындағы қатынастарды дамытуға үлкен мүмкіндіктер ашылған.
Өз кезегінде Ахмед аш-Шараа бұрынғы үкіметтің Сирияның көптеген елдермен, соның ішінде Әзербайжанмен де қарым-қатынасына нұқсан келтіргенін өкінішпен атап өтті.
Сонымен қатар тараптар Әзербайжанның оккупациядан азат етілген аумақтарда қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарындағы тәжірибесін ескере отырып, елдің Сириядағы соғыстан кейінгі қалпына келтіру үдерісіне өз үлесін қоса алатынын жеткізді.