“Белсенді болған”. Ақтөбеде қаза тапқан курсантқа қатысты жаңа мәлімет тарады

1325
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ubWmHZB77HGqFOH1rx4AKHXyxDdHJQBdkn0xnofq.webp

Ақтөбеде биіктіктен парашютпен секіріп, көз жұмған курсантқа қатысты ақпарат тарады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Әуе қорғанысы күштері әскери институтының екінші курсында оқитын курсант оқу-жаттығу кезінде қайтыс болды. Қайғылы оқиға 15 шілде күні таңертең жоспарлы парашютпен секіру барысында орын алған.

 Бұл туралы әскери институттың баспасөз қызметі хабарлады.

Ресми мәліметке сәйкес, курсант парашютпен секіру кезінде жарақат алған. Алдын ала болжам бойынша, парашют толық ашылмаған немесе мүлде ашылмаған. Бұл жағдайдың нақты себептері тергеу барысында анықталмақ.

Қорғаныс ведомствосы марқұмның отбасына барлық қажетті көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді. Курсанттың денесі Астана қаласына жеткізіліп, сонда жерленеді. Егер өлім қызметтік міндетін орындау кезінде болғаны дәлелденсе, отбасыға мемлекет тарапынан өтемақы төленеді.

Бейресми ақпаратқа сүйенсек, секіру 800 метр биіктікте өткен. Курсант взвод құрамында үшінші болып секірген. Парашюттерді курсанттар өздері алдын ала дайындаған. Бұған дейін де марқұм бірнеше рет парашютпен секіру тәжірибесінен өткен. Жаттығу арнайы нұсқаушылар мен оқытушылардың бақылауымен жүргізілген. Жерде кезекшілік еткен медициналық бригада да болғаны хабарланды.

Қаза тапқан курсант әскери оқу орнының белсенді тәрбиеленушілерінің бірі болған. Биыл көктемде ол халықаралық курсанттар олимпиадасына қатысып, төрт адамнан тұратын команда құрамында жүлделі үшінші орынды иеленген.

Марқұмның әкесі — Қорғаныс министрлігіне қарасты Астанадағы 25745 әскери бөлімде қызмет ететін полковник.

Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Comments