Өзбекстан Моңғолиядан ұсақ мал сатып алуға қатысты ауқымды жобаны іске асырады

1231
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/UKP8bjltsBNPQzucZuzpkWxjm57F9VsSMpqxs1JH.jpg

Өзбекстанда Моңғолиядан ұсақ мал импорттайтын кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетілмек, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

 Бұл туралы ел президенті Шавкат Мирзиёевтің 18 шілдеде қол қойған қаулысында айтылған.

Құжатқа сәйкес, 2025 жылғы 1 тамыздан бастап 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін Моңғолиядан мал әкелуші кәсіпкерлерге жылдық мөлшерлемесі 10% болатын 5 жылдық жеңілдетілген несиелер ұсынылады. Оның ішінде банктің маржасы – тек 3%. Сонымен қатар, әкелінген малды ұшақпен жеткізу шығындарының 50%-ы мемлекеттік бюджет есебінен өтеледі. Қосымша құн салығын төлеу мерзімі кейінге шегеріледі, оған пайыз есептелмейді әрі кепілзат талап етілмейді.

Кемінде 1000 бас мал әкелетін кәсіпкерлерге Қарақалпақстан, Бұхара, Науаи, Самарқан, Жызақ, Қашқадария және Сурхандария облыстарындағы жайылымдық жерлер тікелей жер қорынан жалға беріледі. Алайда бұған қойылатын басты шарт – мал басын селекциялау және жусан, илеңкі, терескен сияқты мал азықтық дақылдарды өсіруді қолға алу.

Өзбекстан билігі 2027 жылға дейін Моңғолиядан 100 мың бас ұсақ мал сатып алуды, ал 2029 жылға қарай олардың санын 1 миллионға жеткізуді көздеп отыр. Бұл бастама жоғары сапалы жүн мен кашемир өндіруге бейім мал тұқымдарын әкелуге, әрі оларды ел ішінде өңдеуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Өзбекстан мен Моңғолия арасындағы агросалалық келісім аясында өзбек жеміс-жидек, көкөніс және өзге де өнімдерінің экспортын 10 есеге дейін арттыру, жүн өңдейтін және кашемир өнімдерін өндіретін зауыттар салу, екі елде сауда үйлерін ашу, көрмелер мен бизнес-миссиялар ұйымдастыру жоспарланған. Сондай-ақ, 2026/2027 оқу жылынан бастап Ташкент аграрлық университеті мен Моңғолияның Табиғи ғылымдар университеті бірлескен магистратура бағдарламасын іске қоспақ.

Comments