Жер мен ғарыш шекарасынан секірген. Әйгілі парашютист қайтыс болды

3919
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/mxHtBdaPa1fGAol0EdezEXptJTEsOUwqCzjtflZV.avif

Әлемге әйгілі экстремал, стратосферадан секіріп, тарихқа енген австриялық парашютист Феликс Баумгартнердің қайтыс болғаны белгілі болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengri Sport басылымына сілтеп.

Гиннестің рекордтар кітабының баспасөз қызметі спортшының өліміне байланысты терең қайғырып отырғандарын мәлімдеді.

"Біз Феликс Баумгартнердің өмірден озғаны туралы қайғылы жаңалықты үлкен күйзеліспен қабылдадық. 2012 жылдың 14 қазанында ол Жер мен ғарыш шекарасынан – 39 шақырым биіктіктен капсуладан секіріп, адамзат тарихындағы ең әсерлі экстремал трюктердің бірін орындаған еді. Бұл әрекеті арқылы ол бірнеше әлемдік рекорд орнатты", – делінген ресми мәлімдемеде.

Феликс еркін құлдырау кезінде 1357,6 км/сағ жылдамдыққа жетіп, дыбыс жылдамдығынан асқан тұңғыш адам ретінде тарихқа енді. Сонымен қатар, ол адаммен бірге ұшырылған ең үлкен гелий шарын

қолданып, ең биік нүктеден секірген, және еркін құлдырау кезінде ең ұзақ арақашықтықты еңсерген парашютист ретінде де рекордтар орнатқан болатын. Оның осы тарихи секірісін 8 миллион адам тікелей эфирде көріп, бұл трансляция да өз алдына рекордқа айналды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, Баумгартнер қонақүйде демалып жатқан кезінде өзін жайсыз сезініп, есінен танып бассейнге құлаған. Дәрігерлер қолдан келгенін жасағанымен, оның өмірін аман алып қалу мүмкін болмады.

Айта кетейік, 1969 жылы Австрияның Зальцбург қаласында дүниеге келген Феликс Баумгартнер 16 жасынан бастап парашютпен секірумен айналысқан. Кейін бейсджампинг – биік ғимараттар мен табиғи нысандардан секіру спортында танымал болды. 1999 жылы ол Куала-Лумпурдегі Петронас мұнарасынан секіріп, әлемге әйгілі болды.

Comments