Қытайдағы пранктан кейін. Қазақ блогері жазалануы мүмкін

1383
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ybPnvwMyGx5bXrPrUxutCPHptNjOQnyncIEyp28J.webp

Қазақстандық блогер Қытайдың Гуанчжоу қаласында “ұрлық жоқ” деген қауесетке байланысты қоғамдық орында арандату әрекеттерін жасағаны үшін жергілікті құқық қорғау органдарының назарына ілікті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengri Life-қа сілтеп.

Sohu порталының мәліметінше, блогер алдын ала танысымен келісіп, метро ішінде оның қалтасынан телефонды алып шығып, оны айналасындағы адамдарға ұсынған. Кейін “телефон жоғалды” деп, сол маңдағы жолаушыларды “ұрлық жасады” деп айыптап, оларды көпшілік алдында “ұрылар” деп атаған.

Сонымен қатар, ол көшеде бейтаныс ер адамдарға жақындап, қолдарынан ұстаған. Қытайлық БАҚ дерегінше, блогер бір жас жігітке жақындап, санынан ұстап, ол кейін шегінгенде, қолынан тартып ұстағаны айтылды.

Тағы бір бейнеде ол бейтаныс қызға иығымен сүйеніп, оны шошытқан. Бұл әрекеттерін блогер “әлеуметтік эксперимент” деп түсіндіргенімен, қытайлық интернет қолданушылар мұны әйелдер құқығын қорғау заңы бойынша сексуалдық қудалау деп бағалаған.

Бұдан бөлек, блогердің адамдардың рұқсатынсыз бейнеролик түсіріп, қоғамдық орында жанжал туғызғаны, сондай-ақ жалған айыптаулар жасағаны белгілі болды. Бұл әрекеттер Қытай заңдарына сәйкес әкімшілік, азаматтық, тіпті қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

Сәйкесінше, блогердің барлық аккаунттары қытайлық платформаларда бұғатталып, видеолары жойылды. Гуанчжоу қаласының полициясы оқиғаға қатысты тексеру жұмыстарын бастаған.

Айта кетейік, блогердің өзі де кейіннен барлық әлеуметтік желілердегі видеоларын өшірген.

Comments