Путин жарлығымен. Қазақстан мұнайының Қара теңіз арқылы экспорты уақытша тоқтатылды

2156
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/eYqdRfNxGyNw84TRZXwBkNwrIBzvGlIXTathsMtU.jpg

Қазақстан мұнайының Қара теңіз арқылы тасымалдануы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеп.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Ресей президенті Владимир Путиннің жаңа жарлығының күшіне енуіне байланысты тасымалдау тоқтады. 

Агенттіктің дерегінше, шілденің 24-і күні шетелдік танкерлерге Ресейдің Қара теңіздегі негізгі порттарынан мұнай тиеуге уақытша тыйым салынған. Бұл шешім, әсіресе, Қазақстаннан экспортталатын мұнайға тікелей әсер етті. Себебі қазақстандық мұнайдың басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы (КТК) арқылы дәл осы бағытпен сыртқы нарыққа жеткізіледі. КТК-ның акционерлері қатарында Chevron және ExxonMobil сияқты америкалық энергетикалық алпауыттар бар.

Reuters агенттігі келтірген есепке сәйкес, Новороссийск порты арқылы шетелдік кемелердің жүк тиеуіне шектеу қойылуы әлемдік мұнай жеткізілімі көлемінің 2 пайыздан астамын тежейді.

Мәселен, КТК мұнайы экспортталатын Ресейдің «Оңтүстік Озерейка» терминалы арқылы қазақстандық мұнайдың 80 пайыздан астамы тасымалданады. Дәл осы портта да шетелдік танкерлердің жүгіне шектеу қойылған. Жаңа тәртіпке сәйкес, Ресей порттарына кіретін барлық шетелдік кемелер Федералдық қауіпсіздік қызметінен арнайы рұқсат алуы тиіс.

Жарлық жарияланғаннан кейін бірден күшіне енді.

Reuters атап өткендей, Еуропалық одақ Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізгеннен кейін бірнеше күн өткен соң бұл шектеулер енгізілді. Бұл шешім Каспий құбыр консорциумының жұмысын қиындатқаны туралы ақпарат тарады.

КТК мен Ресей көлік министрлігі бұл жағдайға байланысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ. Дегенмен бейресми дерекке сәйкес, порттағы жағдай бір-екі күн ішінде реттелуі мүмкін.

Тамыз айына КТК терминалынан экспортталатын мұнай көлемі 1,66 миллион баррель тәулігіне немесе шамамен 6,5 миллион тоннаны құрайды. Бұл көрсеткіш шілде айындағы жоспармен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріссіз қалған.

Айта кетейік, бұған дейін де КТК жұмысы бірнеше мәрте бұзылған. Атап айтқанда, ақпан айында насос станциясының дрон шабуылынан зақымдануы, сәуірде Ресей тарапының терминал өткізу қуатын уақытша шектеуі тіркелген болатын.

Comments