Қазақстан мен Ресей Қытайға мұнай транзитін арттыру мүмкіндігін зерттеуде

1817
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/z8PnF9fSiNCYztwG1Cktdo4fQmqf0RHu0W35zfSR.jpg

Қазақстан мен Ресей Қытай Халық Республикасына тасымалданатын ресейлік мұнай көлемін ұлғайту мәселесін қарастыруда, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, ресейлік «Трансмұнай» компаниясы Қытайға жеткізілетін мұнай көлемін 2,5 миллион тоннаға дейін арттыру жөнінде бастама көтерген. Қазіргі таңда «Трансмұнай» пен «ҚазТрансОйл» компаниялары техникалық мүмкіндіктерді зерттеп жатыр.

"Бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. Қажет болса, жаңа мұнай айдау станцияларын (НПС) салу мәселесі қаралады. Бірақ алдын ала болжам бойынша, арнайы қоспалар (присадкалар) арқылы бұл көлемді бар инфрақұрылыммен игере аламыз деп ойлаймын", – деді министр Ақкенженов.

Брифинг барысында министр Қазақстан мұнайының Баку – Тбилиси – Джейхан (БТД) бағытымен транзиті туралы да айтып өтті. 2025 жылы бұл бағыт арқылы тасымал көлемі 1,7 миллион тоннаға дейін артпақ.

"Егер 2024 жылы шамамен 1,4 миллион тонна мұнай экспортталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1,7 миллион тоннаға жетеді деп жоспарлап отырмыз. Ал биылғы алты айдың ішінде 800 мың тонна мұнай осы бағытпен тасымалданды", – деді министр.

Министрдің айтуынша, бұл жұмыстар Қазақстанның экспорттық бағыттарын әртараптандыру және мұнай нарығындағы серіктестік байланыстарды нығайту мақсатында жүргізіліп жатыр.

Comments