Ресей Қазақстанда салатын АЭС құнын жариялады

1636
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/8pUrk8fhx4C8osS7tc2nrAR9omJ5LAGeNwuPssTn.jpg

Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын (АЭС) салу үшін кем дегенде 14 миллиард доллар қажет. Бұл туралы аталған нысанды салуға қатысып жатқан Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Ол бұл туралы журналист Ақмарал Баталовамен сұхбат барысында айтты. Лихачевтың айтуынша, бұл сома – баға мен сапа арасындағы ең оңтайлы нұсқа.

«Кеше өткен іс-шарада Қазақстанның Атом энергетикасы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев инвестиция көлемін $14-15 млрд деңгейінде атады. Біз бұл мәліметті растаймыз және бұл баға мен сапаның ең тиімді үйлесімі деп санаймыз», — деді «Росатом» басшысы.

Ол бұл сома тек АЭС-тің құрылысын ғана емес, сонымен қатар оның ұзақмерзімді пайдаланылуын жоспарлауға да қажет екенін атап өтті.

«Біз Қазақстанға АЭС-ті бірлесіп салумен қатар, төртінші буын энергетикасына бірге қадам басуды ұсынамыз», — деді Алексей Лихачев.

Еске сала кетейік, Алматы облысының Жамбыл ауданында АЭС құрылысы екі апта бұрын ресми түрде басталған болатын. Жоспарға сәйкес, нысан екі энергоблоктан тұрады, олардың әрқайсысында ВВЭР-1200 реакторы орнатылады. Дәл осындай реакторлар Түркиядағы «Аккую» АЭС-інде де пайдаланылып жатыр.

Comments