Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Сауд Арабиясының “Аль-Арабия” телеарнасына берген сұхбатында Ресеймен қарым-қатынастың нашарлауына Әзербайжан кінәлі емес екенін айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ол 2020 жылғы 9 қарашада Екінші Қарабах соғысының соңғы күні ресейлік тікұшақтың шекара маңында қателесіп атылғанын еске алып, сол күні Ресей президентіне хабарласып кешірім сұрағанын, қаза тапқандардың отбасыларына өтемақы төлегенін және кінәлілердің жауапқа тартылғанын мәлімдеді.
Әлиев Ресей тарапынан осындай жауап күттік, бірақ оның орнына ресейлік тараптың әрекеттері, әсіресе әуе апаты мен Ресейдегі әзербайжандықтарға қарсы шабуылдар, жағдайды ушықтырғанын айтты. Ол екі әзербайжандық азаматының азапталып өлтірілгенін атап өтіп, ресми ақпаратта олардың өлімі жүрек талмасынан болды деп көрсетілгенін сынға алды.
“Біздің халқымызға қатысты мұндай агрессия мен құрметсіздікті ешқашан қабылдамаймыз. Біз қарым-қатынасты нашарлатқымыз келмейді, тек заңды әрі конструктивті жауап береміз”, – деді Әлиев.
Еске салайық, Әзербайжанның AZAL әуе компаниясының жолаушылар ұшағы 25 желтоқсанда Ресей аумағынан шығып Ақтау қаласына жақын маңда апатқа ұшыраған еді. Ұшақ бортында болған 67 адамның 38-і қаза тауып, 29-ы аман қалды. Алдын ала мәліметтер бойынша, ұшақ Ресейдің әуе кеңістігінде, Грозный қаласының үстінде сыртқы физикалық және техникалық әсердің салдарынан апатқа ұшыраған.
Ал 27 маусымда Екатеринбург қаласында әзербайжандықтардың үйлеріне жүргізілген рейд кезінде екі адам қаза тауып, бірнешеуі ауыр жараланған болатын. Осы оқиғадан кейін Әзербайжан сыртқы істер министрлігі Ресейдің Бакудегі елшісі Петр Волоковты шақыртып алып, оқыс оқиғаға қарата қатаң наразылық білдіріп, қылмысқа қатысы бар кінәлі адамдарды жауапқа тартуды ескертіп еді. Кейін Әзербайжанда Ресейдің мемлекеттік және жеке мекемелері жоспарлаған барлық бірлескен мәдени іс-шаралар тоқтатылғаны айтылды.
Осы оқиғалардан бері Әзербайжан мен Ресей бір-бірін кінәлап келеді. Арасында Мәскеуде Ильхам Әлиевтің әкесі, Әзербайжанның экс-президенті Гейдар Әлиевтің есткерткіші ашылғанымен, бұл да Баку мен Мәскеу арасын жібітуге септігін тигізе алмады.