2025 жылдың қыркүйек айында Стэнфорд университетінде «Ғылыми зерттеулер және коммуникация» тақырыбында ғылыми семинар өтті. Іс-шараға Дэвис университетінде «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы бойынша тағылымнамадан өтіп жатқан ғалымдар және Стэнфорд университеттің профессорлары, зерттеушілері және студенттері қатысты. Семинардың басты мақсаты — ғылыми зерттеу нәтижелерін көпшілікке тиімді жеткізудің әдістерін талқылау және жас ғалымдардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік беру болды.
Семинар барысында екі аспирант өздерінің докторлық диссертациялары бойынша зерттеу бағыттарын таныстырды. Олар өз жобаларының теориялық негізін, қолданған әдістерін және зерттеу барысында кездескен ғылыми мәселелерді баяндады. Әсіресе ғылыми деректерді талдау тәсілдері мен нәтижелерді құрылымды түрде жеткізудің жолдары кеңінен сөз болды.
Тыңдаушылар белсенділік танытып, баяндамашыларға түрлі сұрақтар қойды. Сұрақ-жауап сессиясында зерттеушілер өз идеяларын қорғап қана қоймай, пікірталас жүргізу арқылы аудиторияға ойларын нақты әрі сенімді жеткізді. Бұл тәжірибе жас ғалымдардың ғылыми ортада пікір алмасу мәдениетін дамытуына ықпал ететіні сөзсіз.
Семинардың тағы бір маңызды қыры – ғылыми коммуникацияның рөлі ерекше аталды. Қатысушылар ғылыми нәтижені тек жазбаша түрде емес, ауызша баяндау арқылы да кәсіби деңгейде ұсынудың маңыздылығын атап өтті. Ғылыми коммуникацияның негізгі міндеті – күрделі идеяларды аудиторияға түсінікті әрі әсерлі етіп жеткізу екендігі айқын көрсетілді.
Стэнфорд университетіндегі бұл семинар ғылыми қауымдастық үшін тәжірибе алмасудың құнды алаңы болды. Жас зерттеушілер үшін мұндай іс-шаралар кәсіби дамуға серпін беріп, ғылыми ойды еркін жеткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік жасайды. Тыңдаушылардың белсенділігі мен пікірталас мәдениеті ғылыми ортаның дамуына оң ықпал ететіндігі анық байқалды.
Курманбаева А.А.
Дэвис университеті
Калифорния штаты
«Болашақ» бағдарламасы
«500 ғалым» тағылымнама
жобасы бойынша
The new mayor of Astana announced the deadlines for the completion of the LRT construction in the capital