Президент Қасым-Жомарт Тоқаев New Silk Way VII Халықаралық көлік-логистика бизнес-форумының ашылу рәсімінде сөз сөйледі, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ақордаға сілтеп.
Мемлекет басшысы Қазақстандағы жаңа стратегиялық инфрақұрылымдық жобаның іске қосылғанын мәлімдеді.
Президент форум қатысушыларына Достық – Мойынты теміржолының екінші желісінің ресми ашылуымен құттықтау жолдап, оның еліміздің көлік-логистика саласы үшін маңызын атап өтті.
«Достық – Мойынты жолы — шын мәнінде аса маңызды жоба. Ол Қазақстанның көлік-логистика жүйесінің тиімділігін арттырып, халықаралық байланысты нығайтуға серпін береді. Жаңа жол жүк тасымалының көлемін бес есе арттырып, экспорттық тауарларды жеткізу уақытын қысқартады. Сонымен қатар еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтеді, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, үш жылға жуық уақыт бойы жүргізілген қарқынды жұмыс нәтижесінде жоба мерзімінен бұрын іске қосылды. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі теміржол құрылыстарының бірі саналады.
Мемлекет басшысы елдің бүгінде Еуразиядағы басты транзит хабының біріне айналғанын, ел аумағы арқылы әлемнің ең ірі сауда нарықтарына жол ашатын 5 теміржол дәлізі өтетінін атап өтті.
"Соңғы он жылда көлік-логистика саласына 35 миллиард доллар инвестиция құйылды. Алдағы уақытта 5 мың шақырым жаңа теміржол салу, 11 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Мойынты – Қызылжар теміржолы мен Транскаспий бағытындағы учаскелерді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар Қазақстанды Еуропа мен Азия арасындағы маңызды көпір ретінде бекемдей түседі", – деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы салаға цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізудің қажеттілігіне тоқталып, барлық жоспарды уақтылы орындау басты міндет екенін еске салды.