«Балдәурен» – табиғат аясындағы тәрбие мен талант ордасы

1493
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/RbBFGBnwPWWassoWn5KtTTAi73U5V9KTBkfuIMgF.jpg

– Дамир Шоқанұлы, сұхбатқа келіскеніңізге рақмет! Алғашқы сұрағым: «Балдәурен» лагерінің басты ерекшелігі қандай? Сондай-ақ тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз.

– Көп рақмет! «Балдәурен» 2002 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен ашылды. Ол кезде елімізде балаларды жыл бойы сауықтырып, тәрбиелейтін лагерь болуы тиіс деген шешім қабылданған еді. Сол шешімнің нәтижесінде Қазақстанның ең көрікті жерлерінің бірі – Бурабай төрінен бой көтерген сауықтыру орталығы бүгінде 23 жылдық тарихқа ие.
«Балдәуреннің» ең басты ерекшелігі – жыл бойы үздіксіз балаларды қабылдайды. Жылына 16 ауысым өтеді. Әр ауысым белгілі бір тақырыпқа арналады: бірінде спортшылар, екіншісінде өнерпаздар бас қосады. Сонымен қатар екі ерекше ауысым бар. Оның бірі – халықаралық ауысым, яғни әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақ балалары келіп демалады. Екіншісі – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған. Жалпы алғанда, біз әр балаға толыққанды тәрбие мен сапалы білім алуға барлық жағдай жасаймыз.

– «Балдәуреннің» орналасқан жері ерекше екені даусыз. Балалардың табиғатпен байланысында қандай өзгерістерді байқайсыздар? Цифрлық әлемнен алшақтау барысындағы ерекшеліктер қандай болды?

– Балалар бізге 20 күнге келеді. Алғашқы күннен бастап ішкі ережелерді қатаң ұстануды үйретеміз. Әр бала – жеке тұлға, әрқайсысының бойында ашылмаған талант бар. Міне, біздің басты міндетіміз – сол қабілетті жарыққа шығару.

20 күн ішінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген 288 бала өздерін еркін ұстайды. Өйткені жаңа ортада ешкім олардың бұрынғы қателіктерін білмейді, сол себепті бәрін жаңадан бастауға үлкен мүмкіндік туады. Бұл – біздің артықшылығымыз. Тіпті кейде он жыл бойы байқалмаған нәтижеге біз 20 күнде қол жеткіземіз десем, артық емес. Себебі бала алғаш рет қолынан келмеген істі жасап көреді, өйткені ол ортада бәрі алғаш рет жасап жатқандай сенім пайда болады.

Әрине, табиғатпен байланыс та ерекше рөл атқарады. Әр ауысымда балаларға Бурабайдың көрікті жерлерін аралатамыз. Ұялы телефон тек ата-анамен байланысу үшін белгілі күндері ғана беріледі. Әуелі балалар телефонсыздыққа үйренісе алмайды, тіпті қосымша телефон әкелетіндері де болады. Бірақ үш күннен соң олардың уақыты соншалық бос болмайды, телефонды іздемей кетеді. Кейде ата-аналар хабарласпады деп алаңдайды, ал балалар болса ойынға, іс-шараларға беріліп, мүлде уақыт таппайды.
Балалардың күн тәртібі де қатаң: таңертең жаттығу жасап, бөлмелерін жинап, тазалыққа үйренеді. 20 күн бойы қалыптасқан әдеттер балаға өмірлік дағды болып қалып қояды.

– Балалардың бір күндік тәртібін қысқаша сипаттап берсеңіз.

– Таңертең жаттығу жасап, бөлмелерін ретке келтірген соң балалар таңғы ас ішеді. Кейін сабаққа қатысады. Лагерьде күніне алты мезгіл тамақ беріледі. Түстен кейін бір жарым сағат демалыс болады. Одан кейін балалар өз қалауына қарай түрлі үйірмелерге қатысады. Бүгінде бізде шығармашылық және спорттық бағытта 30-ға жуық үйірме жұмыс істейді. Бала лагерьге келгенде сауалнама толтырады, біз сол сауалнама негізінде оның қызығушылығына қарай бағыт-бағдар береміз. Әр ауысымның тақырыбына сай үйірмелердің мазмұны да өзгеріп отырады. Кешке түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады.

– Тіпті ең тұйық балалардың өзі мұнда ашылып, мақтау қағазын алып жатады. Түрлі сайыстарға уақытты қалай жеткізесіздер? Идеяны қайдан аласыздар?

– Бізде 28 тәлімгер бар. Олар күні бойы балалармен жұмыс істейді. Бұған қоса ғылыми-әдістемелік бөліміміз бар. Ол барлық іс-шараны сараптап, талдап отырады. Психологтарымыз да балаларды зерттеп, әсіресе тұйық мінезділерді ашуға көмектеседі. Мектеп ұстаздары балалардың білімін толықтырады. Дене шынықтыру бөлімі олардың физикалық дамуын қадағалайды. Медициналық кешен келген және кеткен кездегі денсаулығын тексереді. Яғни алты кешен бірлесіп, баланың жан-жақты дамуына ықпал етеді.

– Ақылы және тегін оқитын балалардың арасында айырмашылық бар ма?

– Қыркүйектен мамырға дейін мемлекеттік квота бойынша балаларды қабылдаймыз, жазда коммерциялық негізде де қабылдау бар. Бірақ барлығы бірдей жағдайда болады. Балалар жас ерекшелігіне қарай топтастырылады. Бір топта әрі мемлекеттік квотамен, әрі ақылы келген балалар қатар тәрбиеленеді. Бағдарлама да, іс-шаралар да бәріне ортақ.

– «Балдәуреннің» өзге бөлімшелері туралы да айтып өтсеңіз.

– Соңғы он жылда «Балдәуреннің» бірнеше бөлімшесі ашылды. Алғашқысы – Қонаев қаласында, әскери-патриоттық бағытта. Ол жерде 9–10 сынып оқушылары демалады. Қарулы күштерге бару бүгінде маңызды мәселе болғандықтан, бұл бөлімше жастарды үлкен өмірге дайындайды. Арнайы меморандум негізінде балалар төрт күн бойы әскери бөлімде әскер өмірімен танысады.

Екіншісі – Түркістан облысындағы бөлімше. Түркістан – рухани астанамыз, сондықтан мұнда біз дәстүр мен тарихты дәріптеуге басымдық береміз.
Үшіншісі – Балқаштағы бөлімше. Бұл инклюзивті балаларға арналған ерекше орталық. Мұнда білікті мамандар жұмыс істейді. Болашақта ата-аналарымен бірге келу мүмкіндігін қарастырудамыз. Өйткені ауыр формадағы ерекше балалар ата-анасымен бірге демалса, біз олардың арманын орындауға аз да болса үлес қосамыз деп сенемін.

– Дамир мырза, болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

– Қазіргі таңда төрт филиалдың барлығын қосқанда жылына 15 мыңға жуық баланы қамтимыз. Бірақ елімізде шамамен төрт миллион бала бар. Бұл – бар болғаны екі пайыз ғана. Сондықтан болашақта өзге лагерьлермен бірлесіп жұмыс істеу жолдарын қарастырудамыз. Балалар мектептегі оқуын қашықтан жалғастырып, бізде демалып жатса дейміз.

Екіншіден, портал құру жоспарда бар. Ол арқылы балалардың денсаулығы мен қызығушылықтарын алдын ала анықтап, әр ауысымға дұрыс іріктеу жасай аламыз.

Үшіншіден, биыл наурыз айында тәлімгерлер қауымдастығын құрдық. «Балдәуренде» 23 жыл ішінде жұмыс істеген барлық тәлімгерлер осы ұйымға бірікті. Қазір олардың арасында түрлі салада еңбек етіп жүрген мамандар бар. Қауымдастықтың мақсаты – бала тәрбиесінде тәжірибе алмасу және болашаққа білікті мамандарды даярлау.

– Дамир мырза, әңгімеңізге көп рақмет! Соңғы сұрағым: «Балдәуренді» тәмамдаған балалармен арада байланыс сақтала ма?

– Әрине, біз үшін бұл ең үлкен қуаныш. «Балдәуреннен» түлеп ұшқан балалармен әлі күнге дейін байланысымыз үзілген емес. Олар уақыт өте келе түрлі салада маман болып, қоғамда өз орнын табады. Кейбірі тіпті өз баласын ертіп, бізге қайта оралады. Бұл – біздің еңбегіміздің жемісі, «Балдәуреннің» өмір бойғы отбасы екенінің дәлелі.

– Сұхбатқа берген уақытыңыз үшін алғыс білдіреміз. Жұмыстарыңызға табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан: Арман Серікұлы

Comments