АҚШ-тың қаржы министрлігі Ресейге санкция салды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DW-ға сілтеп.
Украинадағы соғысты тоқтатуға «айтарлықтай қызығушылық танытпағанына» байланысты «Роснефть» пен «Лукойл» мұнай компанияларына қосымша санкциялар салды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
АҚШ қаржы министрі Скотт Бессенттің айтуынша, бұл қадам Ресейдің әскери машинасын қаржыландырып отырған негізгі энергия компанияларын тежеуге бағытталған.
«Президент Путин бұл мағынасыз соғысты тоқтатудан бас тартқандықтан, қаржы министрлігі Кремльдің соғыс машинасын қаржыландыратын екі ірі ресейлік мұнай компаниясына санкциялар енгізеді», – деді Скотт Бессент.
Санкциялар тек компанияларға ғана емес, олардың 34 еншілес құрылымына да (оның 28-і — «Роснефтьке», ал 6-ы — «Лукойлға» тиесілі) таралады. Енді бұл ұйымдардың АҚШ-тағы барлық активтері бұғатталады. Ал америкалық және шетелдік азаматтарға оларға қызмет көрсетуге тыйым салынады.
Бұған қоса, АҚШ болашақта да Ресейге қарсы жаңа шектеу шараларын қабылдауға дайын екенін мәлімдеді және өз одақтастарын осы бастаманы қолдауға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін, 15 қазанда Ұлыбритания да «Роснефть» пен «Лукойлға» қарсы санкциялар енгізген. Бұл шаралар активтерді бұғаттау, сенімгерлік және көлік қызметтерін шектеуді қамтиды. Сонымен қатар, «Роснефтьке» тиесілі кемелердің Ұлыбритания порттарына кіруіне және әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салынды.
“No need for an uprising.” The father of the deceased issued an appeal regarding the incident in Talgar