Менің осы тақырыпты көтеруіме себепші болған мәселе, Қазақстандағы аты шулы «Қаңтар қырғыны» емес, қайта күн сайын пышақтасып қырылысып жатқан қанқұйлылық болып отыр. Қаңтар оқиғасы, оңды-терісті екі тараптың мақсатты, ұйымды түрдегі қақтығысы десек, қазіргі жайын қазағымызға қырық пышақ болып қырылысатындай не жетпей жатыр?
Мұндай оқиғаларды айта берсек жазып тауысқысыз болып барады. Мәселен, күні бүгінге дейін, қанағаттанарлық шешім таппай, сүзбебуаздыққа салып созылған «Талғар оқиғасы», әскер арасында, оқушылар ішінде, тағы басқа орындарда болып жатқан аянышты өлімдерді ойлағанда, сол қанішерлерге қарғыс айтып кектенеміз де, жемқор биліктің шеңгеліндегі әділетсіз заңнан түңілген бейуаз жандарға қабырғамыз қайысып күңіренеміз. Қазақ, кісі өлтіруден тайынбайтын жауыздарды «қаны сұйық қараниет» деп атайды.
Бұрынғының ерлері шекісіп барып бекісуші еді, ендігінің ездері басынан сөз асырмай, сөзге келісе қалса пышақ суыратынды шығарды. Сонда қазіргі адамдардың қаны сұйық па, әлде жүректерінде иман болмағандықтан, көрмәзіретті ішіп-жеуден, қандарындағы желатин мөлшері артып кеткен бе? Қайран Қазағым-ай! Өзіңе өзің мықты болғанша, есіңді жиып, еліңді танып, сыртқы жауға ортақ қарсы тұрудың бірлігін жасасаң болмай ма! Біздің Қазақ бір-бірімен төбелескенге, бір-біріне әлімжеттік жасауға мапандай, ал өзге ұлттың бетіне түзу қарай алмай, бүгежек қағып жарамсақтанғанға шебер. Қолына теңге ұстата қойса, тебітіп тұрғандардың қай-қайсысы теріс айнала береді. Бұл, арсыздықтан ба, кедейліктен бе, ойсыздықтан ба?! Кірмелер біздің тамырымызды әбден басып, осы қылығымызды толық біліп алған. Өз қазағыңа тыржиып, теңге бергенге ыржиғанды қоймасақ, ақшаның құлына айналып, жерімізден айырылмай қоймаймыз! Бізді ежелден мандытпай келе жатқан, осындай жымысқы сатқындық. Ақшаға арын сатқан ел, жерін де сата алады. Жерсіз қалғаның, елсіз қалғаның! Мұны айтып, ұлт араздық тудырайық деп отырғамыз жоқ. Ұлт жөнінде, тіл жөнінде пікір айтсаң «ұлт араздық тудырды. Пәлен бапқа қайшы сөз сөйледі» деп жабыса кету бізде моды. «Қол ішке иіледі» дегенді ұмытып, керісін істеуге құштар. Айналайын қазағым, ұлтыңды, тіліңді, діліңді алдымен өзің құрметте. Өзің төрге шығар. Басқалар сонда ғана саған құрмет етеді. Өз анасынан безінген жанды кім құрметтеуші еді?! «Үлкен балық кіші балықты жұтатын» мына заманда тек өзіңе ғана мықты болғанша, отаныңды, жеріңді, намысыңды бірлесіп қорға, береке-бірлікте бол, жұдырықтай жұмыл демекшіміз. Анау жерлік, мынау оралман деп бөлінудің не қажеті бар? Онсыз да сиырдың бүйрегіндей болып тұрған аз қазаққа алауыздық не абырой берер?!
Өзім неше рет Германияда болғанымда бізден көшіп барған талай неміске жолықтым. «Сен шеттен келгенсің, оралмансың деп ешкім айтып көрген емес. Бұл ел ұлттық тұтастық пен тілдік бірлікті үстем орынға қояды»,- деді. Шыны керек, бізде ұлт тұтастық танымы әлі толық қалыптаспаған. Сондықтан, жерге, өңірге, руға бөлініп, қырық пышақ болып шыға келеміз. «Ауыл иті ала болса да бөрі көргенде бірігеді» деген естен көтерілген. Мына халықданалығы есте болсын: «Тозған қазды топтанған қарға жейді». Мұхтар Шаханның «Төрт ана» атты өлеңінде:
Төрт анадан сенім таба алмаған,
Тамырсыздың басы қайда қалмаған?!
Төрт анасын сыйламаған халықтың,
Ешқашанда бақ жұлдызы жанбаған.
Сөйте тұра «батыр ұлтпыз. Ұланғайыр жерімізді кезінде бабаларымыз, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен сақтап қалған» деп, масайрайтынымызды қайтерсіз! Ондай батырдың ұрпағы болсақ, сол бабалар аманаттап кеткен жерді, жырымшеттіктеп, бейсауаттарға беріп жатқанымыз қалай? Қазір, мықтағанда сол ата-бабамыздың басына ескерткіш орнатып, ас беріп, қол жайып құран оқығаннан басқа, қолымыздан келіп жатқан істі көргеміз жоқ. Мына заманда талпынбасаң, соқыр сенімді жойып, өнер-білім игеріп, қолыңа қару алып отаныңды қорғамасаң, «өлген бураның басымен тірі атанды қорқытатын» заман емес. Сондықтан, батыр бабаларымыздың рухына мұрагерлік етейік. Үйге келсе батыр, сыртқа шықса пақыр сыяқты «қазан бұзар үй тентектікті» доғарайық, бауырлар. Біздің тұтас әлемге жар салып, ауыз тоздырып айтып жүрген: «Осы жерімізді бабаларымыз, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен сақтап қалған» деген сөзіміз де толыққанды тұжырым емес. Ата-бабаларымыз білекті сыбанып тастап, аттандап, көзсіз соғыса берген жоқ. Біз айтқандай дойыр күштің ғана иесі емес-тұғын. Соғыста далбасалық тіптен жасамаған. Олар соғыс стратегиясын өте жақсы меңгерді. Кейде «шығыстан белең беріп, батыстан бас сала» білді. «Жер ошақ тактикасын» да керемет қолданған. Соғыстан жеңіліп шегінген кездерде, жер ошақты күніне көбейтіп қазып, жауға «бұларға сай-саладан сарбаз келіп жатыр екен» деген жаңсақ түсінік қалыптастырып, олардың өкшелей қуалауынан сақтанды. Жер ошақты кеміте қазып, жаулар «сарбаздары азайыпты» деп лап қойғанда, тығылып жатып талқанын шығара білді. Ата-бабаларымызда үлкен парасат болды. Сондықтан жаттанды айтылып жүрген бұл сөзімізді «бабаларымыз теңдессіз парасатына сүйене отырып, ұланғайыр осы жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен сақтап қалған» деп айтсақ жөн.
Қан ішерлердің кесірінен, күңіренген отбасыларының әділ шешім таппай, зар еңіреп жатқан мұң мен зарын естігенімізде, адамдардың қаны ғана сұйық емес, оған қоса еліміздің заңы да сұйық екендігін байқаймыз. Егер, заң дұрыс болса, бейуаз жандардың қыршынын қиған қанішерлердің дер кезінде сотталғаны қане? Қаншама қылмыскер пара беріп бостандықта жүр. Қаншама адам зар илеп, жығылған үстіне жұдырық жеп жатыр!? Заң атқарудағы желбуаздық, әділетсіздік бастарының дымы кеппеген еліктегіш жастарды құтыртып, қатысты ата-аналарға ауық-ауық қасірет, елге үрей, қоғамға орнықсыздық сыйлап келеді. Бір мысал айтайын. Інім үйін әшекейлетіп, алаяқ бір өзбек біраз ақшасын алып, қарасын көрсетпей кеткен соң, сақшыға арыз берген. Айтылмыш халықты «қорғаушы» сақшылар, әлгі алаяқты тауып, төлқұжатын алып, ініме «төлқұжатсыз бұл ешқайда кете алмайды. Құжатын сізге берейік, бізге 500 мың теңге беріңіз» деген. Айта берсек, мұндай жағдай әркімнің басында бар. «Көлікті тоқтатып, айыппұл салмақшы болған полицейге ақша бермедік» деп кім айта алады? Заң салтанат құрмаған жерде жауыздық, ұрлық-қарлық асқынбай қайтеді?!
Қашан айтты демеңіз, ішкі былықпалық жөнге салынбайынша, сыртқы жауға қарсы тұрамыз деу - мисыздық. Тарихты зерделесек, ішкі алауыздық құрып-жойылуға себеп болған мысалдар аз емес. "Жаман айтпай жақсы жоқ" дейді қазақ. Зәуеде ғалам, Украинаның күні басымызға келер болса, тозған қаздың топтанған қарғаға жем болғаны сонда болады. Неге десеңіз, халықараға жағымпазданып, қарусызданған еліміздің ішкі жақтан қаусап тұрғаны белгілі. Қару-жарақ жағынан жауға қарсы тұрарлық қауқарымыз жоқ. Басыңа іс түскенде, «бейбітшілік жаршысы еді» деп ешкім де есіркемейді. Қалпақпен ұрып алады. Екіншіден, іріп-шіріген жемқорлықтың кесірінен былыққан заңның игілігін бұзақылар көретін болады. Кісі өлтірген ауыр қылмыскерлерге берілуге тиісті өлім жазасын мандаттан қалтырып, пара алып, тайраңдатып бостандыққа жіберілгендігі үшін, олар үкіметке разы болып отанды қорғамайды. Қайта, жаумен астасып, билікке шабатын солар болады.
«Май тілесең, міне, құйрық» деген сонда болып, билік басында заң бұзып отырған жемқорлар, «заңымыз сұйық па, мыналардың қаны сұйық па» дегенді ойлап, тәубелері сонда естеріне түседі-ау…
Ойланайық, қазағым!
Қанымыз салқын, заңымыз жарқын болсын!
Көк туымыз желбірей берсін, шенділер халыққа елжірей білсін!
Кәкен Қасымханұлы
"Let the compensation be paid in cash." The people of Kulsary gathered in front of the mayor's office