Әкімдік пен кәсіпкер арасындағы дау. Міржақыпқа арналған ескерткіш неге бұзылды?

697
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/CFcPov7AZUtxmRA7cVFekB9gCjbVSqWciVwy4BnZ.webp

Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Петровка ауылы маңында орнатылған Міржақып Дулатұлына арналған мемориалдық кешеннің бұзылғаны туралы хабар әлеуметтік желілерде кең таралып, көпшіліктің наразылығын тудырды. Желі қолданушылары мен алаштанушы ғалымдар бұл әрекетті «қасақана жасалған вандализм» деп бағалап отыр, деп хабарлайды “Адырна”.

Ал кешенді тұрғызуға атсалысқан кәсіпкерлер жұмысқа жергілікті әкімдік кедергі келтіргенін айтса, облыс әкімінің орынбасары керісінше, құрылыс рұқсатсыз басталғанын мәлімдеуде.

Әдебиет тарихшысы, сыншы, алаштанушы Заңғар Кәрімхан әлеуметтік желідегі жазбасында Петровка ауылы маңындағы Міржақып Дулатұлына арналған мемориалдық кешен «облыс әкімдігі тарапынан қасақана қиратылғанын» жазды.

Оның айтуынша, кешенді тұрғызған азаматтар әкімдік арнайы техника, кран және жұмысшылар жіберіп, құрылымды бұзуға кіріскенін хабарлаған. Символдық мәні бар қыран мүсіні, жарық шам бағандары және мемориалдық тақта зақымдалған.

Желіде тараған ақпаратта облыс әкімдігі «Алаш қайраткерлеріне 28 метрлік ескерткіш орнатуға болмайды» деген уәж білдіргені айтылған. Алайда бұл пікірге қатысты ресми түсініктеме жоқ.

Заңғар Кәрімхан мұндай әрекеттің себебі түсініксіз екенін, кешен толық бұзылмағанымен, үлкен зиян келгенін атап өтті.

Жағдайға байланысты Солтүстік Қазақстан облысының Ішкі саясат басқармасы ресми түсініктеме берді.

«Мирный ауылдық округінің аумағында кәсіпкер Барлыбаев Нағашыбай Сабарұлы Алаш қызметін еске алу мақсатында стелла орнатқан болатын. Алайда монумент екі себепке байланысты бөлшектеліп, консервацияға қойылды: Стелла тұрғызу кезінде мамандар топырақтың отыруын тіркеп, соның салдарынан құрылыстың қисайуы пайда болған. Мұндай жылжу стелланың орнықтылығы мен қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін еді. Құжаттардың  (архитектуралық-жоспарлау тапсырмасы, бекітілген эскиздік жоба) болмауы. Мемлекеттік сәулет-құрылысты бақылау органы Н.С. Барлыбаевқа әкімшілік айыппұл салды», делінген жауабында.

Ал облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов бұл іске әкімдіктің қатысы жоқ екенін айтты.

"Жалпы бұл кәсіпкер (Нағашыбай Барлыбаев) ешкімге ештеңе айтпай құрылысты өзі бастаған, енді өзі бұзып тастаған. Әкімдіктің қатысы жоқ. Бұған дейін де біршама адамдар хабарласқан. Тексерісті өткізгеннен кейін біз оған ешқандай жер телімі ресми түрде берілмегенін, рұқсат құжаттары жоқ екенін білдік”, – деді әкім орынбасары.

 

 

Comments