“Жалған ақпарат тарату ісі”. Бажкеноваға қатысты тергеу басталды

620
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/PFCOXZe00gllDgwAbL72jHe6uk220nAcRtUru1kY.jpg

Бүгін, 1 желтоқсанда Orda.kz басылымы редакциясында және оның бас редакторы Гүлнара Бажкенованың пәтерінде тінту жүргізілді. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті  айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Бажкеноваға қатысты қылмыстық істер "қате және әдейі жалған ақпарат тарату" фактілері бойынша бірнеше арыз түсуіне байланысты қозғалған. Тергеу деректеріне сүйенсек, арызданушылардың уәждері қазір жан-жақты қаралып жатыр.

«Алдын ала мәліметтер бойынша, 2024 жылы жарияланған материалдардың бірінде құқық қорғау органы қызметкерінің пара алған кезде ұсталды деген шындыққа жанаспайтын ақпарат таратылған. Тергеу барысында мұндай фактінің болмағаны нақтыланды. Осылайша, азаматша Б.-ның әрекеттері жарияланымда көрсетілген қызметкердің кәсіби беделіне нұқсан келтіріп, қоғамда жалған пікір қалыптастырған»,-делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, өткен жылдары жарияланған өзге материалдарға қатысты да жәбірленушілердің арыздары бойынша тексерістер жүргізілуде. Аталған жарияланымдарда да жалған не қоғамды адастыратын мәліметтер болуы мүмкіндігі қарастырылып отыр.

 Бажкенованың тұрғылықты жері мен жұмыс орнында тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Жалған ақпаратты дайындау және жариялау жағдайларын анықтау, сондай-ақ оның қайдан алынғанын тексеру мақсатында электрондық құрылғылар мен материалдар тәркіленуде.

Тергеу жалғасуда. Барлық мән-жайлар қолданыстағы заңнамаға сәйкес толық көлемде анықталатын болады.

Comments