Петроглифтерді қорғау жолға қойылмаған. Неге?

462
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/zpf4YVM3CC6dGkUqZi3oHjEJrSXxbyi4PcWQk09m.webp

2 желтоқсанда Алматыда өткен баспасөз конференциясында «Петроглиф ізшілері» қоғамдық қорының еріктілері есеп беріп, атқарылған жұмыстардың нәтижелерін баяндады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі orda.kz-ке сілтеме жасап.

2025 жылы волонтёр-археологтар 27 экспедицияға қатысып, 11 жаңа петроглиф шоғырын ашқан. Сонымен қатар көне жерлеу орындары мен басқа да тарихи ескерткіштерді тапқан.

Қордың атқарушы директоры Ольга Гумированың айтуынша, еріктілер Дегерес, Алтынемел және Баянжүрек тауларында, Көксу өзенінің сол жағалауында, Асы үстіртінде және басқа да аймақтарда жұмыс істеген. Жаңа табылған петроглифтер шоғырлары Ешкіөлмес жотасында ашылған.  Бұл – Еуразиядағы ең ірі петроглиф аймақтарының бірі.

«Менің ойымша, биылғы маусымдағы ең құнды екі олжа бар. Біріншісі — Көксу өзенінің сол жағалауындағы Молалы шатқалынан табылған көне жерлеу орындары. Қола дәуірі мен ерте темір дәуіріне жататын қорымдардың арасында қазақтардың этнографиялық зираттары орналасқан. Өкінішке қарай, көптеген өңірде мұндай зираттар егістік жерді жырту кезінде жойылып кеткен, ал бұл жерде олар сол күйінде сақталған»,- деді Ольга Гумирова.

«Петроглиф ізшілері» қорының атқарушы директоры атап өткен екінші маңызды табыс — Баянжүректен табылған петроглифтер шоғыры. Бұл суреттердің ерекшелігі — олардың өте жоғары шеберлікпен салынуы.

Жалпы алғанда волонтёр-археологтар барлық тарихи ескерткіштің құнды екенін атап өтіп, Қазақстанда әлі де оларды қорғауға қатысты мәселелер бар екеніне назар аударды.

«Біздің қордың өкілдері соңғы екі жылда археологиялық нысандарды қорғау режимін күшейтетін заң жобаларын әзірлеуге белсенді қатысты. Нәтижесінде Қазақстанда металіздегіштерді  пайдалануға тыйым салынды. Өйткені бұл нағыз мәселе еді. Тіпті шетелден арнайы топтар келіп, археологиялық құндылықтарды ешқандай бақылаусыз алып кететін. Бірақ біз реформаның әрі қарай жалғасатынына үміттенеміз. Себебі көптеген археологиялық ескерткіштің қорғау режимі әлі күнге дейін нақты реттелмеген. Біз кез келген әлеуетті археологиялық нысан табылған бойда бірден қорғауға алынуы керек деп есептейміз»,- деді қор белсендісі Юрий Дорохов.

Айтуынша, алдымен ақпаратты ұзақ уақыт жинап, содан кейін сараптама жүргізу қажет. Тек содан кейін ғана нысанды қорғауға алу немесе алмау туралы шешім қабылданады. Ал тарихи ескерткіш мемлекет қорғауына алынғанша, ол вандалдардан немесе шаруашылық жұмыстарынан зардап шегіп үлгеруі мүмкін. Баспасөз конференциясында атап өткен мысалдардың бірі — Арқарлы мен Қызылтас жоталарындағы ірі петроглиф шоғырлары. Құрылыс материалдарына керек шикізатты өндіру кезінде бұл жерлердегі жартастағы суреттер бүлінген. Бұл аймақтарды қорғауға алу тек қоғамдық резонанстан кейін ғана мүмкін болды.

Сонымен қатар Қазақстанда әлі де жүздеген, тіпті мыңдаған петроглиф шоғыры ғалымдар тарапынан тіркелмеген болуы әбден мүмкін.

«Біз Батыс Қазақстаннан басталып, оңтүстік арқылы шығысқа дейін созылатын біртұтас тізбекті жинап жатырмыз. Елдегі биік емес таулардың барлығы дерлік петроглифтерге толы. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі әлі тіркелмеген. Қазір тіркелгені — шамамен 300. Бірақ ғалымдардың бағалауы бойынша, олардың нақты саны 1500-ден асады», — деді Ольга Гумирова.

Сурет: orda.kz

 

 

 

Comments